Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  79


Автор: Ақылбек Шаяхмет

НАУРЫЗДА

Жыл сайын алатын кəрлі қыс үрейін,
Наурызда мұз еріп, көк тас та жібіген,
Ал, Бақыт, сандықты аш, барымды киейін,
Бар болса, үстіме бір сабақ жіп ілем.
Қалың қар астында жатқан шөп жаншылып,
Шығады жарыққа, сəл ғана шыдайық!
Мəңгілік алаудың отыны таусылып,
Жеңіс бағында белгісіз солдат тұр мұңайып.
Қыз-қырқын барынша жасанып киінген,
Жасаулы киіз үй күтеді деседі əкімді,
Халқымның салтын-ай, дұшпан да сүйінген,
Бейтаныс біреулер дəм тат деп шақырды.
Тіл-көзден сақтасын жаратқан Құдайым,
Басымда кəдімгі қазақы қалпағым,
«Қалпағың орысқа таңсық» – деп күледі жұбайым,
Мен оған қара дақ жұғар деп қорқамын.
Кез осы, жаным-ау, күн мен түн теңескен,
Өткеннен аманат, барына қанағат,
Аман-сау өтіппіз тағы бір белестен,
Келешек ұрпаққа болмасын жаманат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу