Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  101


Автор: Ақылбек Шаяхмет

НЕ ТЫНДЫРДЫҢ, НЕНІ ҰТТЫҢ?!

Ата-баба атын атап, көпіргеннен не пайда,
Бармақ шайнап, өткен іске өкінгеннен не пайда?!
«Алғанға иман, қалғанына қайыр болсын!» – демесең,
Бүгежектеп, сөзді созбай, былшылдамай, кет, əйда!
Ел-жұрты үшін шейіт болған асыл ерлер қаншама,
Байланғандар, айдалғандар жеткілікті болса да,
Шынжыр балақ, шұбар төстер қайда басы қалмаған,
Ата салтын, дала заңын неге сақтай алмаған?
Есім ханның ескі жолы естен шықты дей алмай,
Қасым ханның қасқа жолы қанша мықты дей алмай,
Жайрап қалған асылдарды құрастырып жия алмай,
Өзгелердің сынығына жармасамыз ұялмай.
Күні кеше сатқындарды жүрген болсақ батыр қып,
Ақындықтан оқ бойындай озып кетті əкімдік.
Айыра алмай ішкенде де айран менен шалапты,
Білеміз деп айта алмаймыз обал менен сауапты.
Өстіп жүріп той тойлаймыз, сықақтаймыз өзгені,
Сол өзгелер – бар атқарған ісіміздің безбені.
Ғасырлардың тоғысында не тындырдың, нені ұттың?
Тірлігіңнің ағысында, қарағым-ау, соны ұққын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу