Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  124


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚАЗАҒЫМ

Құба талды өрілтіп бесік қылған қазағым,
Терісінен бөрінің ішік қылған қазағым,
Əзіл менен күлкіні бұлақ қылған қазағым,
Қызыл құйрық түлкіні тымақ қылған қазағым,
Сары майдан тортаны ерітіп алған қазағым,
Қазы менен қартаны кертіп алған қазағым,
Қымызы мен шалабын қатар ішкен қазағым,
Қызығы мен азабын қатар көрген қазағым,
Ішкен-жеген – бойға құт, өскен күні бағаның,
Тұрармысың қайнатып тіршіліктің базарын ?!
Күйді тартып, əн салған, көріп талай ғажабын,
Қаймықпастан қарсы алған тура келген ажалын,
Арық сөйлеп, көбіне семіз шыққан қазағым,
Өмірдің де өріне желіп шыққан қазағым,
Серігіне достасқан сеніп шыққан қазағым,
Қас дұшпанды қастасқан жеңіп шыққан қазағым,
Жүргендігін кеш қалып байқамаған қазағым,
Ит жүгіртіп, құс салып, той тойлаған қазағым,
Жер бетіне тарыдай шашылған да қазағым,
Ауыз суға жарымай, ашынған да қазағым,
Қызығымен қоңыстың қиыр қонған қазағым,
Арағына орыстың үйір болған қазағым,
Қадір білмес кезбеге бас тартқан да қазағым,
Өз асылын өзгеге ұстатқан да қазағым,
Сенен жаман халық жоқ, мініңді айтсам, қазағым,
Сенен жақсы халық жоқ, сырымды айтсам, қазағым.
Дастарханға бақ келіп, Қыдыр қонсын, қазағым,
Əн салайық шаттанып, жолың болсын, қазағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу