Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  135


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚУАН, ҚАЗАҚ!

Ақ түйенің қарыны жарылды бүгін,
Ақ сандықтың түбі де қағылды бүгін.
Тəуелсіз күнің, қазағым, ғұмырлы болсын,
Осыны жеткіз əлемге, дабылды жырым!
Желтоқсан желі қой жылы самал боп ескен,
Құқайды көрген күніміз шығар ма естен?!
Ержүрек ұлым құл болып, боданда жүрген,
Ұмытам қалай тайғақты жолдарды кешкен.
Көздерін ашып көргелі тартқаны азап,
Қастық пен аштық қыспаққа ап, қырылды қазақ.
Жаныма менің бəрінен батады қатты,
Келімсек біреу кердеңдеп, қылғаны мазақ.
Асымды ішіп, аяққа түкіргендер бар,
Тамаққа тойып алған соң секіргендер бар,
Кекіргендер бар. Жерімнің суын ішсе де,
Қанып ішсе де, кермек деп өкінгендер бар.
Тасмешін жылы жұртымыз еркіндік алып,
Уақыт-емші жазар ма дертіңді, халық?!
Есеңгіреп қалған ел естерін жиып,
Оянып намыс қалғыған, серпілдік анық.
Қайтадан міне, оралып тіліміз келді,
Иманды жанды көбейтер дініміз келді,
Қонақжай елдің азаттық сағаты туды,
Тереземіз теңесер күніміз келді!
Кейінде қалып қазақтың жалынған күні,
Күмбір де күмбір кісінеп, табылған жыры,
Аспан түстес көк туды көтердік бүгін,
Көк бөрінің бейнесін сағынған күні.
Перзенті болсын қай ұлттың, ағызып терін,
Қадірлеп, сүйіп, өзі өскен жайласын жерін.
Қазақтың туын тұмардай қасиет тұтып,
Төбеге бүгін мақтанып көтерсін елім!
Еркіндіктің елтаңба арнасы болсын,
Қанатын қаққан арманның жалғасы болсын,
Шаңырағы əрдайым биікте болып,
Рулық емес, елдіктің таңбасы болсын!
Жақсы ниетпен жайласын от басын пейіл,
Еліміз енді бұрмасын ат басын кейін.
Мерейім тасып, мəртебем асқақтай берсін.
Қазақтың жауы қазақтан шықпасын дейін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу