Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  110


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚҰДІРЕТТІ СӨЗБІН МЕН!

От сияқты күйдіремін залалды,
Су сияқты шайып өтем жаманды,
Май сияқты сылап-сипап жараңды,
Қиратамын небір берік қамалды.
Қадірімді түсінбеген кез келген,
Құдіретті Сөзбін мен!
Жел сияқты самал болам желпіген,
Тұз сияқты астың дəмін келтірем.
Қыннан шыққан алмас қанжар секілді
Қарсы келген қас дұшпанды өлтірем.
Қадірімді түсінбеген кез келген,
Құдіретті Сөзбін мен!
Кейде жауын, кейде қар боп жауатын,
Кейде сең боп, кейде сел боп ағатын,
Жиын-тойда ағайынға жағатын,
Ойда жоқта басқа пəле табатын.
Қадірімді түсінбеген кез келген,
Құдіретті Сөзбін мен!
Келе жатқан сан ықылым заманнан,
Қайыр көрген, жəбір көрген адамнан,
Өз орынын тауып жұрген қоғамнан,
Нəпақасын теріп жеген адалдан.
Қадірімді түсінбеген кез келген,
Құдіретті Сөзбін мен!
Мінезімде не бар, бірақ, өзгерген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу