Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  120


Автор: Айдос ИМАНТАЙ

КЕҢСАЙДЫ КӨРСЕМ…

Алматы деген қалада тұрам көрікті,
Жазда да мұнда ақ сəлде орап жатар шың,
Төрт жылым мынау бекерден бекер өліпті,
Кеңсайға мені, апаршы аға, апаршы.
Апаршы мені атақты сонау Кеңсайға,
Бабаларымның ғұмырын берсін баяндап.
Көрсетші өзі, жететін оған жол қайда,
Жаяулатып-ақ кетейін өзім аяңдап.
Самсаған үйлер, қоршаған үйлер тым асқақ,
Сендердің сұлу бетонбеттерің не керек?
Жыбырлап жатқан құмырсқа тірліктен
жыластап,
Тауға тырмысқан Кеңсайды көрсем керемет.
Құлшындым солай, қаладан қашып бұлқындым,
Келбетің сенің кең шығар, Кеңсай, көлбеген,
Құндақтап арыс ұлдарын ұлы ұлтымның,
Құр ұйықтап жатқан өздері бірақ өлмеген.
Данышпандардың жазылған сенде дерегі,
Жатыр ма əлі топырағыңда сенің боп ыстық.
 Мұқағали атам түсіме жиі енеді,
Дəметіп жүр ме менен бір өлең жарықтық.
Жидебай деген киелі жерден бір уыс,
Топырақты түйіп əкелген едім ақ шытқа.
Қайтайын мен де бітіргендей болып ұлық іс,
Мұхтар бабамның басына төсеп жастықша.
Бұл қазақ шіркін айтатын сөзді тауыпты.
«Өлетін бала молаға қарай жүгірер»,
Өмірге біздің өлілер емес қауіпті,
Өлтіруге бізді тырысып жүрген тірілер.
Қайтейін, саған жете алмай жүрмін күйіне,
Мұндағы тірлік мұрша келтірмей маған да.
Күнде ертең деумен Кеңсайға, қайран дүние
Жете алмай жүріп, кетіп-ақ бір күн қалам ба.
Кетерім сөзсіз сиясы бітсе қаламның,
Басталған жырға бір қара нүкте қойылмақ.
Табытпен болсын түбі бір саған барармын.
Қоярсың, Кеңсай, маған бір орын дайындап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу