Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  71


Автор: Еркеғали Бейсенов

Түйсінсе дүниеден көңіл нені....

Түйсінсе дүниеден көңіл нені,


Түйінін тапқан жақсы өмірдегі.


Өсіріп айтылып жүр ауылдарда,


Әфсана құмай тазы жөніндегі.


 


Демеймін «естігенде, талып түстім»,


Кәдімгі шебік күшік – танық ұстын.


Аңшылар ұясынан жиі тапқан


Құмай деп аталатын алып құстың.


 


Жел сөзді гулетсе кей аталары,


Ессіздер жазды былай мақаланы:


«Бірінен жұмыртқаның шығар күшік


Бүгінде құмай тазы аталады».


 


Қойсаңшы, соны білмес аурумысың?!


Құмай құс жайлауыңа салды күшін.


Апарған тірі төл мен күшіктерді,


Ұяда балапанын баулу үшін.


 


Қомағай енелері қылған қарық,


Қимылды тазы күшік тұрған бағып.


Бетінен жалап алып балапанын,


Жемтікке ортақтасты жылмаң қағып.


 


Боп шыққан аз-ақ күнде күйлі керім,


Күшіктің ене құмай сүйді кебін.


Солардың еттірлікпен аман қалған


Аңшылар әкелген ғой кейбіреуін...


 


Қасқырға салса, құмай,


Шіркін, ерлер!..


Бар-жоғын білмес болар мүмкін елдер?!.


«Ол құстың көлеңкесі түскен адам –


Бақытты», - деп сенеді түркімендер.


 


Марғұлан Әлкейдейін нар ғалым да:


«Қасқырдың түсер, - деген – арланына».


«Бар болса, қалған шығар, - деп жазыпты, –


Памир мен Хантәңірі тауларында...».


 


Тазының бір «енесі» көгімдегі –


Бүркіттің екеуіндей көрінеді...


Жүрмесін сол сияқты құрып кетіп,


Көзіндей құмай тазы төріңдегі! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу