Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  91


Автор: Мақсат Әлсейітов

Бозінген

Қолымнан шығып кетті боз інгенім,
Өрт шалып өзегімді жоқ іздедім.
Жануар қолды болып кетеді-ау деп,
«Аһылап» атар таңға көз ілмедім.
Келеден боз інгенім безінгелі,
Жанымды сарыуайым – жегі жеді.
Ежелден түйе баққан әулет еді,
Туыстан қауіп етемін шөгірмелі.
Саудагер тақиялы туысымнан,
Тайынбан інген үшін суысудан.
Өркешін қос темірмен шойындапты,
Әй, шығара қоймас енді уысынан.
Төлеген жырға қосқан аруанадай,
Боздаумен шықса-дағы жолға талай.
Жеріне жете алмады жануарым,
Қалған ба құрсауланып, сонда қалай!?
Жасырып өркешіне боз отауды,
Болдырмай тастап еді-ау жазалауды.
Боздатып боз інгенін жұртқа тастап,
Барады қайтқан қаздай қазақ аулы.
Қимаған боз маясын Қазтуғанша*,
Көшімді ірке-ірке создым қанша!?
Боздаған бозінгеннің зарлы үні,
Құлақтан кетпес, сірә, көз жұмғанша...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу