Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  81


Автор: Мақсат Әлсейітов

Төртқұлақ там

Мұңайма, төртқұлақ там, жердей қоңыр,
Ноқтаға асау тайша көнбейді өмір.
Көш айдап Алатауға барып қондым,
Жоқтаусыз қаларыңа сенбей көңіл.
Мұңайма, төртқұлақ там, кешегі өмір,
Тірілер өтпеді деп көшеден бұл.
Қисаймай, шарт жүгініп отыра бер,
Сіміріп аспан дейтін кеседен нұр.
Таңба қып бастым Сені нар құмдарға,
Мен үшін таңбам қымбат алтыннан да
Таңба боп нар иесін дәлелдерсің,
Туыспен шөгірмелі дау тұрғанда.
Ыңыранған нар құмдардың жамбасында,
Жетер ме таңбам аман сан ғасырға!?
Бұйдасын нарларымның жат қолына,
Бермеуім керек еді әу басында.
Қайтейін, төртқұлақ там, амал нешік,
Ілесіп ескен желмен барам көшіп.
Қан төгіп әр төбені қорғар едім
Ержетсем найза ұстайтын заманда өсіп.
Құмдарды бір желпірмін самал боп кеп
Әйтеуір, сол күндерге аман жет тек!
Қор болдым, қорқақ болдым
Маңдайыма
Найза емес, айла ұстаған заман тап кеп.
Есен бол, төртқұлақ там – кешегі өмір
Не жазса, соған көнер пешене бұл.
Жел соқса желмен бірге домаланып,
Қаңбақша тұқым шашып көшеді өмір.
Есен бол, төртқұлақ там – зор қамалым,
Көкке ұшып кеткен жанның қорға тәнін.
Ұшқан жан көктен қарап тұрған шығар,
Өркешін нұр боп сүйіп әр ботаның.
Ұшқан жан, кешір болса өкпең маған
Жан едім өзегімді өрт жалмаған,
Жоғалтқан нарларымды іздеп барсам,
Тұрғайсың тілектес боп көктен маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу