Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  91


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Ақ отауы саңлақтың

Қаһарлы қысты өткеріп, күзді өткеріп,
Көктем кеп күңсігенде түз, бөктерім.
Ақ ордалар Алтайды бетке алады,
Қыз Жібектің көшіндей тізбектеліп.
Айдындағы аққудай дөңгеленіп,
Ақ отаулар қонады көңге келіп.
Сатыр-сұтыр шашулар шашылады,
Көкіректер желпініп əнге желік.
Ат, абырой саңлақтың күйін тілеп,
Біреу шабар сұмыннан, «шүйіншілеп».
Ортақ табыс дегендей бəрімізге,
Аймақ болып жабыла үйін тігед.
Шопан разы тойына келгеніңе,
Даяшы боп кетесің сен де, міне.
Көрімдікке үкілі бір сəйгүлік,
Көлденеңдеп байланар белдеуіне.
Бұрылуға мұрша жоқ, ойлануға,
Топ бастығы жүреді той қамында.
Бір сезімде қызығып сен жүресің,
Жеткізе алмай қолыңды қой бағуға.
Қалмайтын ешбір жұмыс еңсерілмей,
Ақ отау-ащы тердің өлшеміндей,
Қотанды астанамен жалғастырған,
Үкімет үйінің бір бөлшегіндей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу