Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  96


Автор: Марат Нұрқалиев

Хат

Көктегі күнім,
Аспандағы айым,
Төбемдегі жұлдызым!
Күлім көзім,
құндызым!
Амандықтың арқасында
шауып жүрмісің.
Әлде менен басқаны
тауып жүрмісің.
Серттен сөйтіп
ауып жүрмісің?!
Соңғы кезде
хаттарың сиреп,
Бойымды бір күдік
билеп,
Босап жүр жүйке-жүйем,
Мен сені бұрынғыша
сүйем!
Жағдайым қалыпша,
есебім түгел,
Тек сен ғана жетпей жүрсің.
Күндіз ойымнан,
Түнде түсімнен
кетпей жүрсің.
Жақында бір түсімнен
шошып қалдым,
(Зря мен сені
Алматыда оқытқанмын!)
Ресторанда бір сұмырай
Саған елжіреп
үзіліп отыр екен,
Сөлкебайдай көздеріңе
Сүмірейіп сүзіліп отыр екен...
Сол арада талып қалдым,
Әйтеуір, оянып кетіп,
Жанымды аман алып қалдым...
Байқа!
Істің аяғы насырға шауып,
Дау-дамай ұрыс болар,
Қысқасы,
Институтыңнан
сұранып,
Қайтып келгенің
дұрыс болар...
Хатымды осымен
аяқтаймын.
Сағынышты сәлеммен,
Өзіңнің Саяқбайың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу