Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  106


Автор: Бекен Әбдіразақов

Сөз сүйектен өткенде, таяқ еттен...

Сөз сүйектен өткенде, таяқ еттен,
Жанымды мен қаңқудан аяп өткем.
Бас сауғалап өсектен қанша қаштым,
Бүгін жанып отында жанталастым!
Жарып алып дос-дұшпан жүректерін,
Алақанға ап көз көрсе дір еткенін,
Дүниеде өкінбей өтер едім,
Қандай азап болса ма көтеремін.
Білер едім дос қайсы, дұшпан қайсы,
Қарлығаштай шырылдап ұшқан қайсы,
Мүләйімсіп мүңк еткен мыстан қайсы,
Ажалдың да келерін тұстан қайсы!
Ғайбат дымсыз тіміскіп гулегенде,
Айырмайсың бейнесін шу дегенде,
Алдындағы асыңнан у жегендей,
Тіл қатпайсың дуылдап ду денеңде.
Бірте-бірте сіңгесін сүйегіңе,
Денең мұздай суынып, күйеді ме,
Жақындайсың ең соңғы жиегіңе,
Шыбын жаның үймелеп иегіңе.
Шыбын қуып иектен, қоштасасың,
Көз жұмғасын бәрібір дос та, қасың.
Кімдер жылап, кім күлді... керегі не?
Жазылмайды өмірде дерегіңе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу