Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  90


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бұрынғыдай көңіл де биіктемей...

Бұрынғыдай көңіл де биіктемей,
Үрлеп ішер, қалғасын күйіп көмей.
Ұшпай жатып қанаты қанағасын,
Күйдің үні не болмақ күйікті емей?!
Мен жоғалттым жапанда киігімді,
Ертелі-кеш сонан да күйім мұңлы.
Мен шалдырдым бұлтқа биігімді,
Жанышты ғой қасірет иығымды.
Мен тоналған адаммын қазынадан,
Сары аяздай өмірдің жазы маған,
Жоқтау үні – тіршілік сазы маған,
Бәрін емес, бақтың да азын алам.
Сұлулыққа қараймын қызғанышпен,
Қайғы уын көксеңгір мұздан ішкем.
Күтірлетіп құшырмен шайнағанда,
Қыж қайнайды күйігім сыздап іштен!
Бұрынғыдай көңілім биіктемей,
Үрлеп ішем, қалғасын күйіп көмей.
Дірілдеймін сындырып алам ба деп,
Бұл сұм өмір сонда не сүйікті емей?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу