Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  79


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қоштасу элегиясы

Мендік көңіл жарық іздеп шарқ ұрар,
Жүрегімнің жылайтын да салты бар...
Бір-біріне қосылса да жалғыздар,
Бір-біріне қосылмайды жалқылар.
Мен отырмын көшкен елдің жұртында,
Сұрланып кеп мұң шағамын сұр құмға.
Біздің басты жұтып қоя жаздаған
Пендешілік деп аталған құлқын ба?..
Арман болып алыстағы манар шың,
Ескі сырды сырға қылып тағарсың.
Тастап кетем махаббаттың майданын,
Әзірейіл содан кейін жан алсын.
Азалайды мені жоқтап жыр-өлең –
Мәңгіліктің өзегінен дүреген.
Ғашық болу ақымақтық екен деп,
Тағдырыма түнерем де... күлер ем...
Құшағына шақырып тұр ғайып-түн,
Бұл ғажапты түйсігіме сай ұқтым.
...Ең соңғы рет сені көрсем жарайды
Жағасынан – наласы нән Жайықтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу