Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  99


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қарапайым ғана шындық

Дүниеден мынау жаз өтсін, мейлі,
Тасыр ғасырға бәрібір...
Суалып қалсаң қажетсінбейді
Сұлулығыңды кәрі қыр,
сары гүл!
Тамызым көзден бұл-бұл ұшқанда
Жылаған сенен басқа кім?
Қараймын қайтқан мұңды құстарға,
Қанатсыз мен бір қасқамын,
аспаным!
Жолығыспады балалық дәурен,
Ауылға кеше барғанмын.
Келемін әлі қаланы ұқпаумен,
Жалған өмірге алдандым,
арман күн!
Жетім жүрекке наласы көшкен
Өзекке тұнған уыттың.
Айгезбе құсап адасып естен,
Айдың елесін қуыппын,
суық түн!
Дұғасын оқып тілімде менің,
Күрсінді жалғыз жапырақ.
Сарғайып оның дірілдегенін
Түсінбейді ғой ақымақ,
ақырап!
Жұпарын қалай сүйіп өтемін,
Сіңбесе маған әтір қыз?
Махаббаттың да қиын екенін
Біз енді біліп жатырмыз,
ғапыл күз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу