Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  101


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Сезім дауылы

Әртүрлі сезім кернейді
Бейуақта жұмыр кәлланы.
Мәңкүр мен Нәңкүр тергейді
Есіңе салып Алланы.
Соғады сезім Дауылдай,
Жаныңды астан-кестен ғып.
Жауады өлең Жауындай
Күз көңілді көктем ғып.
Қуаныш жетіп келеді
Жеті қат көкке ұшырып.
Өкініш зәрін төгеді
Қайтадан жерге түсіріп.
Алақұйын сәттерден
Алағызып туатын
Бас көтерер дәптерден
Сондағы жыр қуаты –
Дзотты өпкен кеудедей,
Жүз атты өткен кермедей,
Немесе сондай күй төгіп
Бебеулеткен пернедей
Сезім сезім болар ма,
Өлең өлең болар ма
Дәл осылай тербемей!
Алаулатып кетті-ай бір,
жалаулатып жетті-ай бір.
Сынағыш пенен мінегіш
Тіл беземей тоқтай тұр.
Осындай сәттер қат қазір
Жоқтасаң соны жоқтай біл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу