Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  117


Автор: Әлия Дәулетбаева

Шығыс шолпаны

Жайықтың ерке самалы сынды,
Жібектің мұңлы жанары сынды,
Жырыммен сені аймалай келдім,
Армысың Алтай, дара мүсінді.
Ар жақтан көшкен, бер жақтан көшкен,
Қара шекпен мен кержактар көшкен.
Дегдар даланың, дертті таулардың,
Күйікті сырын көп жаттап өскем.
Сұраусыз төрге сұлағандардан,
Кеудеде қанша жылаған арман.
Кездер де өтті Ертістің ұлы,
Ертіске атын суара алмаған.
Өскемен, соның өткердің бәрін,
Келешек ұқса өткеннің мәнін.
Өмірдің заңы –қаһарлы қыстың,
Соңында нұрлы көктемнің бары.
Оралхан ойдың азабы қарып,
Ғарыштың кеткен ғажабы дарып.
Мәрт ақындарың жазады өлең,
Марқакөліңе қаламын малып.
Қаптаған жота, қыраттарыңнан,
Қазына толы сыр ақтарылған.
Шығысым менің, шырайлым едің,
Көркіңе сенің жұмақ та құрбан.
Бұл жақта жел де таңға асығады,
Жалына бұлттың жармасып алып.
Телегей-теңіз сезімге мынау,
Бұқтырма бөгет болмасы анық.
Сізде де Нарын, бізде де Нарын,
Ғасырлар көші үзбеген әнін.
Үлбі мен Шүлбі – егіз бұрымды
арманшыл ару іздеген жарын.
Есті арбап өтіп зымыстан жалған,
Ұлы далада ұлы іс басталған.
Батыстан біздер тамсанып қарар,
Шолпаным сенсің шығыстан жанған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу