Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  132


Автор: Балуан Шолақ

Айдың көзін жалт еткен...

Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын,
Бүйте берсең, діңкемді құрытарсың.
Биуадан қосылған Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.
Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,
Оң қабағым тартады, күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ.
Ғалия жатыр ма екен, отыр ма екен,
Шомылған айдын көлде аққуға ұсап?!
Қараөткелде Ғалия сен емес пе ең,
Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем.
Сүмбіл шаш, құралай көз Ғалияжан,
Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?!
Қайырмалары:
Ойпырмай, жан сəулем,
Ғалия, көзіңнен.
Қосылып ем өзіңмен.
Бір көрінсең көзіме,
Айрылмас ем өзіңнен!


Ойпырмай, жан сəулем,
Ғалия, басыңнан.


Кеткім келмес қасыңнан.
Жұпар иісі шығады,
Қолаң қара шашыңнан!
Ойпырмай, жан сəулем,
Ғалия, қабағың.
Аппақ екен тамағың.
Қайта айналып тағы да,
Көрер ме екем, қарағым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу