Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  99


Автор: Ибрагим Иса

Өмір

Өмір!
Өмір!
Бағалаймын мен сені.
Бұл жалғаңда өзіңсің тек еңселі.
Көріспейміз.
Сен қаласың.
Мен кетем,
Біткен күні дәм-тұзымның өлшемі.
Ғажапсың-ау,
Үзілмейсің ешқашан,
Бір күндері сенімен де қоштасам.
Түсінбеймін,
жиі-жиі әйтеуір
Өлім жайлы ой келеді басқа сан.
Кездерің көп сыйлағаннан, қинаған,
Қымбатсың ғой, сені сосын сүйді адам.
Жиырма бес жыл азабыңа шыдадым,
Бес-ақ сағат қызығыңды қи маған.
Күні жетсе қалмайды гүл солмаған,
Мен де түсіп қалам уақыт – арбадан.
Азаймайды одан жердің тұрғыны,
О, Жаратқан, бірдеңе айтсай сен маған!
Өмір!
Өмір!
Бағалаймын мен сені!
Бостан-босқа түсірмейін еңсені.
Көріспейміз.
Сен қаласың,
Мен кетем,
Біткен күні дәм-тұзымның өлшемі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу