Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  146


Автор: Ибрагим Иса

Сыр сахнасының саңлағы

Жастайынан қалмайын деп қатардан,
Өз өнерін өз шыңына апарған.
Жақұты бар – құрсағынан тараған,
Бақыты бар – Бақытбек деп аталған.
Сабирадай апасынан бата алған
Асанәлі ағасынан от алған.
Мұндай жанға жарасады қашанда,
Лайықты сиын алса Отаннан.
Сахнада Ана болған арайлы,
Ару да боп қолың шашын тарайды.
Туған жердің бір қызы деп қана емес,
Оған Сырдың жұлдызы деп қарайды.
Оның әрбір кейіпкері сомдаған,
Жұлдыздардай бұған дейін жанбаған.
Туған елдің терегіне айналған,
Осы жанның өнеріне таң қалам!
Қайрат алған, ләззат алған өнерден,
Ешбір күш те бөле алмайды оны елден.
Мұндай жанды-бақытты жан деп білем,
Көрерменнің құрметіне бөленген.
Ашып қойып көңілінің бұлағын,
Шашып қойып өнерінің шуағын,
Жағып жүрген дәл осындай жандар аз,
Сыр елінің өнердегі шырағын.
Талантсыз талпынғанмен не берер,
Оған серік болған мәңгі ұлы өнер.
Кейіпкерін арман ғылып баршаға,
Сахнаны нұрландырып жіберер.
«Қолда барда қадірі жоқ алтынның»,
Ал, алтынның біледі екен нарқын кім?
Шекер сынды дәмі қалар таңдайда,
Көп емес қой мұндай қызы халқымның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу