Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  91


Автор: Ибрагим Иса

Бұл жүрек не болады бара-бара...

Бұл жүрек не болады бара-бара,
сыймайды қалаға да, далаға да.
Дүрсілдеп шыға келді, міне, тағы,
бүлкілдеп жатыр еді жаңа ғана.
Кей-кейде аяған боп қараса да,
жүрекке ем бола ма бала-шаға.
Жанымның жүдегенін біле тұрып,
қайтесің, түсе алмаса арашаға.
Әйтеуір күле алмайсың қабақ ашып,
кеткендей күндіз бен түн араласып.
Беталды безіп кеткім келер кейде,
өзімді өзім үйден ала қашып.
Шынжырлап қойған өмір босата ма?..
көңілде күңгірт тірлік – масахана.
Жетпейтін әншейінде үнемдесең,
уақыт та өтпей қояр қасақана.
Шаршадым көзден емес, сөзден қашып,
шіркін-ай, жүрсем деуші ем кеудемді ашып.
Қашамын қуыстарға туыстан да
сияқты сүйгенінен безген ғашық.
Қайтеміз сөзбен жанды ұшындырып,
жүргейсің не болса да ішің біліп.
Өлгенше жүректегі бар сырымды,
кетермін жырларыммен түсіндіріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу