22.05.2022
  425


Автор: Серік Әбіл

АНА

Анашым-ай, анашым-ай,
Ақ сүтіне қандырған,
Жылатпастан,
Сылап бастан,
Асырып ең сан қырдан.
Сағынышпен,
Жанып іштен
Оралғанда ауылға,
Бірде күліп, бірде жылап қарсы алатын алдымнан.
Анашым-ай, панашым-ай,
Мені артына қалдырған.
Қадырлым-ай, қажырлым- ай,
Қасиеттім, қимасым,
Жанарымды жасым жуып,
Қала бердім көңіл суып
Күні кеше бірге жатқан төсегіңді жиғасын.
Көз алдымда:
Көп алдында
Жүретұғын сый басың.
Жаным анам, жабырқадым сен кеп тағы есіме,
Ұзақ қарап суретіңе тесіле,
Қайта- қайта басып тұрдым төсіме.
Сосын мынау өмірге де ой жүгірттім өшіге,
Бəрі жалған,
Бəрі де арман, неге керек несібе?
Қорғаным-ай,
Қормалым-ай,
Мені артыңа тастап кеттің несіне?
Сен тіріде тірлікті де түсінбеген екем мен,
Күні кеше айрылғанда көкемнен,
Жəне жылап қалғанымда əкемнен.


Торласа да түнек деген,
Сияқтанып түк етпеген,
Мейріміңмен басып едім мауқымды.
Анашым-ай, білдірмей сол ауқымды,
Ішке сақтап барлығын,
Дүниенің тарлығын...
Шығармай зар дауысыңды,
Жүрсең-дағы көз ілмей,
Бəрін-дағы сездірмей,
Жөніңменен көтеріп кетіпсің-ау тау сынды.
Тілегі бай
Тірегім-ай,
Өзің барда өмірде
Нағыз қайғы орнамапты көңілге,
Мұң дегенім мылжың екен ондағы,
Бұлар бəлкім еркеліктің толғағы,
Сүлеймендей сүмірейдім ал, бүгін,
Жүзігінен ада болған қолдағы.
* * *
Əкем марқұм өткен жылы жаздың ұзақ кешінде,
Қасиетті туған ауыл Жетаралдың төсінде.
Намаз шартын өтеп тастап бесіннің
Айтқан мына бір əңгіме əлі күнге есімде.
Бір жүз он бес жасқа келген болыпты бір кəриə,
Көңілі де елден ерек екен дарқан дария.
Ұсақ- түйек құр өсекке сенбейтін,
Алатау да ашасынан келмейтін,
Қайсар екен қайғыға ерік бермейтін,
Еш пенденің елірткеніне ермейтін.
Тілегім де тірегім де ел дейтін.
Əне сондай жастайынан сабаз екен салмақты,
Жақсы- жаман барлығынан көрмегені қалмапты.
Осы қарттың жалғыз ұлы тоқсан жасқа келіпті,
Кемпірі де, келіні де көп жасамай өліпті.
Бірақ, тағы алты бірдей немересі болыпты,
Бір тəуірі соларға бақ қоныпты.
Шөберелер қоршап үлкен атасын,
Атасының алып алғыс-батасын,
Төбелессе, жатады екен шағынып
Дұрысы мен қатесін.
Ғасыр аттап жас жасаған, сан ғаламат кез келген,
Кешегінің қызыл қырғын соғысын да көз көрген.
Күзі келіп жүзі солып,
Нар тұлғасы өзгерген,
Бірақ, əлі бар өзіндік қайраты,
Жанарында сақталған айбары мен айбаты,
Болғанменен қолына алған сүйеніші таяғы,
Кіріп шығып жүруге
Əлі де тың аяғы,
Асыл ата бақытының болып мəңгі баяны,
Соңғы өмірін осылай
Жатты өткізіп саялы.
Дегенменен сұңғыла қарт алаңдайтын бұрыннан,
Өзіменен үзеңгілес жас жасаған ұлынан.
Ол ойлайтын:
Жасық мұның сүйегі,
Жетпісіне келмей-ақ жемірілген иегі,
Тірлік үшін тіс дегенің тірек қой.
Қашан болсын ер жігіттің ұжданға
Бір кесірі тиеді.
Шын азғаны осы шығар ұрпақтың
Аттамай-ақ алпысты,
Болып шығад шал түсті.
Тұзағына ілініп сан сырқаттың,
Мына түрмен шыдар ма екен
Тепкісіне өмір дейтін бұрқақтың.
Күндер өте расында ұлы алжи бастапты:
Бір күн тіпті бар киімін бірақ шешіп тастапты.
Мұны көріп жүзден асқан кəриə,
– Қорлығын- ай мынаның,


Бұған қалай шыдадым, -
Деп ақырып таяғымен ұлын нұқып жасқапты.
Сонда ұлы жанарынан ағызып қос бұлақты,
Екпетінен құлапты.
«Егерде сен тірі болсаң көзімді жас жумас ед,
Атам-дағы таяғымен ұрмас ед,
Апам-ау, қайран, апам» - деп,
Ұзақ бір күн жылапты.
* * *
Жаным анам осы аңызды баян етіп бергенде,
Көңіліме бір ауыр ой орнап еді жерден де.
Тіпті, терең сезіндірді бүгін басқа келгенде,
Анасыздық-панасыздық екендігін көргенде.
Рас, рас!
Тоқсанды да толғандырған құдыретті күш бəрі,
Барлық адам бас иетін,
Ананың бұл қасиетін,
Аңсар жүрек құштары.
Біздің қара шаңырақты қайғы бұлты жапқанда,
Қайран анам жанталасып тым қысылып жатқанда,
Əлсін-əлі алып мені есіне,
Қимай қарап əлде неге тесіле,
Көз жұмыпты көсіле.
Жан ашырым халы кетіп нашарлаған кезінде,
– Серігім-ай, Серігім,–деп қайталапты сөзінде.
Сонда менің ағаларым,
Қимай қарап (паналарын),
«Балаңды онда телефонда шақыртайық» - дегенде,
Сырқат адам есін жиған едемде.
– Шақырмаңдар, жер алыс қой, жол да жаман деседі,
Қарашаның қары-дағы қалың жауды кешегі.
Үлгірмейді, үлгірмейді,
Болмасын жол кеселі.
Көрініп тұр өзіме де өмірімнің есебі,
Көнеді ғой бəріне де құдай басқа салғасын,
Қорқып кетіп қапияда оқыс болып қалмасын.
Жыламасын!
Мен разы болсын десе
Жасымасын, сынбасын. . . »
Осыны айтып жатқанында сырқат тіптен меңдепті,
Сырыл басып кеудесін,
Жеткізе алмай өсиеттің өзгесін,
Басқа сөзге тілі қайтып келмепті.
* * *
Қош бол, ана!
Қош бол, ана!
Өткен күндер екен рас тартымды.
Өліміңмен өзгешелеп кеттің бүгін нарқыңды.
Берекеге шақыратын,
Ақыл айтып отыратын,
Үңірейген орныңмен-ақ сезіндірдің парқыңды.
Жылап-жылап ұлың қайтты,
Жиыстырып артыңды.
Жетаралдан таңсəріде жолға шыққан кезімде,
Сандалдым бір сезімде,
Сен шығарып салатұғын,
Қимай жылап қалатұғын,
Иен тұрды үйдің жол жақ бұрышы,
Дəл осы сəт сарқылды бар төзім де,
Сенбей бұған өзім де.
Қимай қарап бара жаттым,
Жас моншағы көзімде.
Қайран анам, Қайран анам,
Бұл тірлікте өзің барда,
Таңдарыма табынғанда,
Мен ауылды сағынғанда,
Жүрегіңді ап қолыңа,
Қарап менің жолыма.
Көзің жетпей жүргіншінің барлығына тесіле,


Тұрғандай боп
Алдыменен сен түсуші ең есіме.
Дəл қазіргім мүлде басқа кешеден,


У қайғыны ұрттағандай кеседен,
Қимастықпен қарай берем,
Бір өзіңе балай берем,
Ақ жаулықты ана көрсем көшеден.
Ал ауылды есіме алсам мен бүгін,
Барлық мұңым басқа шығып қағынып,
Арманымнан ауытқимын жаңылып,
Бір өзіңді сағынып,
Тағы сенің елесіңнен есім кетед, қормалым,
Көз алдыма келіп қабыр-қорғаның.
Анашым- ай, анашым-ай,
Көндім ақыр құдыреттің ісіне,
Тірлікке де ой жүгірттім түсіне,
Ашып көңіл қарығымды,
Басып көңіл зарығымды,
Тым құрыса, жиі-жиі кіріп жүрші түсіме,
Тым құрыса, жиі-жиі кіріп жүрші түсіме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу