Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  109


Автор: Индира Кереева

Баспана балладасы

Өмірімде бола берсін қате мың,
Өлеңге мен жүрем ылғи бек тойып!
…Бір орыстың жалдап жүр ем пәтерін,
«Іздрәсті» деп қойып…
Сол орысқа намыстанып талай рет,
«Қазақша үйрен, әй қазәйкә» деп едім:
Таң қалды ол
«Мұның сенің қалай» деп,
«Қазақ тілдің бар ма маған керегі?»
«Қазақшаңның үйрене алман дәміне,
Үйренгім де келмейді оны, себебі:
Пәтер қажет қазағыңның бәрі де,
мына маған орысша іздеп келеді!»
Шауып қаным бір-ақ шықты басыма,
Жеті атасын түгел боқтап,
түнердім.
Үйдің кілтін иығымнан асыра,
Иесіне лақтырып кеп жібердім…
Баспанасыз қалсам да бұл
Күзде енді,
Басымды оған өліп кетсем,
имеспін!
Өз еліне өгей еткен біздерді,
Ей, Өмір-ай…
(диуаналық күй кештім…)
Бір орысқа бола үмітті үзем бе?
Баспана іздеп көріп едім, масқара:
Пәтер жалдар қазақ
таппай түк емге,
Орыста екен тек
жалдайтын баспана….
Қазағымда
пәтер құрып қалды ма?
Қай ақшасын сұраса да
төлер ем…
Намысымды таптап бірақ алдына,
Барғым келмей қалды орысқа...
«Не деген
қырсық едің!» деп сөккендей бұлт мені,
Қабақ түйіп,
төбемнен кеп түнерді.
Мен орыстан жалдамаймын, өйткені,
Арыма ол зәрін шашып жіберді!
«Келер қайтып қара күзде тоңса» дер…
Жауратпайды
демеу болып жаныма ар!
Ал, қазағым!
Ақын керек болса егер,
Ақтөбенің вокзалынан тауып ал!
… Кеттім мен!…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу