Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  176


Автор: Дулат Бабатайұлы

Ишанға

Ей, айтайын арнап Ишанға,
Кетіп еді есем де.
Айтатұғын жөнім бар,
Ишанға не десем де –
«Ұжмаққа тура бастайтын»
«Ел серкесі көсемге»,
«Құтқаратын тозақтан»
Шариғатқа шешенге.
Ишан, елді аралап,
Қошқар, теке жинадың.
Құдай жолын қуған деп,
Ишан, сені сыйладым.
Маңдайдағы бай болдың,
Нәпсіңді неге тыймадың?
Өзің алсаң, жүз аз деп,
Берсең, бірді қимадың.
Жетерлік болды елге де
Сенің берген иманың.
Құдайға колын жеткізіп,
Беремін деп, пенденің
Талайын алдың тартқандай
Кем мен кетік, кенденің.
Бала берем саған деп,
Сан әйелді емдедің,
Күйсеуіңе болайын,
Сен болсаң менің сенгенім.
Жазылады деп ең, жазылмай,
Талайы өлді қаза боп;
Өледі деп ең, жазылды
Талайы құлантаза боп.
Бала түгіл сымбыл жоқ,
Бедеуге бала бермек ең.
Бедеу қатын қалды ма
Сен етегін көрмеген?
Дулаттың ащы жырынан
Алдамшы сендей Ишанның
Талайлары терлеген.
Ақылы жоқ молдалар
Иман алмақ тиынға.
Оңайлықпен келмейді,
Иман деген қиын да.
Өзіңде, Ишан, иман жоқ,
Елге иман бермексің.
Қиямет-қайым болғанда,
Әуелі өзің көрмексің.
Өтірік айтқан сөзіңнің
Расын сонда таба алмай,
Аман-есен кетпексің,
Жаһаннамға қамалмай.
Алдап алған малыңның
Есебіне жете алмай,
Қалтырарсың, Ишаным,
Қыл көпірден өте алмай.
Жөніңе кел, Ишаным,
Тозаққа қарай бет алмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу