Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  439


Автор: Дулат Бабатайұлы

Кеңесбайға

О, Кеңесбай мырза, тыңда сөз!
Айтатұғын келді кез.
Көкіректеніп паңданбай,
Сырттан көріп таңданбай,
Менің сөзім құйылса,
Кеудеңе шырақ жанғандай.
Арғы атаң сенің Нарынбай,
Кең қолтық, ұзын қарымдай,
Елдің жүгін көтерген
Ақ өңеш шөңгел нарындай.
Көкейіңе қондыра
Сөйлесін жаршың сарындай.
Қу дауысты Құттыбай
Қазақ туын көтерді,
Даналықпен айырды
Келер менен кетерді.
Өтірік деші, қанеки,
Мен айтпаймын бекерді.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Олжа салды еліне.
Тояттаған сұңқардай
Құйылып еді жеміне.
Қазықтай жерге қадады
Дұшпанын деген «сені ме!»
Тізе қосып теңесті
Тепкісі тең теңіне.
Ой, ол кездегі өткен күн
Түсім бе едің, өңім бе?!
Байқара атаң бай болды,
Төрт түлігі сай болды,
Қайыры елге мол болды,
Анық әділ сол болды.
Серкештеп жылқы айдалды,
Көшкенде жұртта тай қалды.
Алдына келген дау болса,
Әділетпен жайғалды.
Дәулетіне ел кенелді,
Жетім-жесір теңелді.
Опасыз мына жалғаннан
Демі біткен күнінде
О да көшіп жөнелді.
Өз әкеңді айтайын,
Қара тіл ділмар Ақтайлақ,
Топта жалғыз сөйлеген
Асыл сөзді тақтайлап.
Тұқымың дегдар болғанмен,
Кеңесбай, азғын туғансың.
Тістеуік айғыр секілді
Үйіріңді сұйылтып,
Тай-құнанды қуғансың.
Ел білерлік ісің жоқ,
Дегдар емес, будансың.
Будан дейтін себебім:
Айналаңды торисың,
Түзден тоят тілемей,
Өлексені қорисың,
Алдыңа келсе жүгініс,
Терісті оң деп жорисың.
Қолбала құс секілді
Биялайға қарайсың.
Не тұлғама тұтқа боп,
Не керекке жарайсың?!
Ішің – аяз ақ қырау,
Сыртың – сұлу сарайсың.
Ыдысысың параның
Қотара құйса толмайтын.
Ашылған әбден араның –
Түйені жұтсаң түгімен,
Биені жұтсаң бүгімен,
Қақалмай-ақ толғайтын.
Айтты десең, Кеңесбай,
Бергеніңді санап ал.
Тақымдап елді тұжырып,
Осы елде жалғыз өзің қал.
Тінейдің сары құсындай
Өзіңе өзің шеңгел сал.
Ел тереңге сүңгіді,
Қармайтұғын қалмай тал.
Серпілер күн болар ма
Елге түскен ауыр хал?
Көз жасың да болмады,
Қара қазан, сары бала,
Жетім-жесір, кемпір-шал!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу