Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  157


Автор: Несіпбек Айтұлы

Ағалар-ай

Ағалар-ай!
Барында аз ғұмырды бағаламай,
Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен,
Жарықта жайнап тұрған самаладай.
Болғанда халық - теңіз шалқып жатқан,
Өздерің шырылдайтын шағаладай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Ауылын пенделіктің жағаламай,
Басына бір төбенің жиналсаңшы,
Андыздап әр бұтаны сағаламай.
Түбінен бір жүректің табылсаңшы,
Бауырды бөліп-жарып, алаламай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Көңілін інілердің жараламай,
Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,
Қатарын бұзбайтұғын бал арадай.
Өздерің қонақтайтын бәйтеректің
Тамырын балталамай, араламай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Тартысып бір-біріңді табаламай,
Шоқыға шығарсаңшы хан көтеріп,
Жақсыңды жарға қуып қамаламай.
Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың,
Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай?
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Ит қоссаң үнсіз қалмас абаламай.
Әрқашан аттың басын түзу ұста,
Саныңды сүрінген соң сабаламай.
Құйрығын қырық мәрте баса берсең,
Жыландай бәле, шіркін, шағады оңай.
Әттең, ағалар-ай!
Ағалар-ай!
Бола ма оң-солыңды шамаламай,
Қалың ел қоршап тұрған қара орманың,
Қысады құшағына жан анадай.
Басына баданадай бұршақ жауса,
Тоғайды торғай тұрмас паналамай.
Әттең, ағалар-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу