Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  101


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қарашаны айырбас ет маусымға...

Қарашаны айырбас ет маусымға,
Бiздiң бақыт кешкi ымырттың дауысында.
Алты қанат ақ орамды аптасын,
Көктiң нұры керегелеп жаусын да…
Түндiгiмнен тылсым əуен төгiлсiн,
өлiп-өшiп өзiм сүйген өмiрсiң.
Көктегi айым күмiсiмен зерлесiн,
Көкпен жаны тiлдеспеген не бiлсiн…
Көк тəңiрге сиынатын бабалар.
Сол ғұрыпты бiз екеумiз жаңалар.
Бiз екеумiз – толған айдай толықсып,
Кеудемiзге Күннiң отын жаға алар…
Бiз екеумiз – бұрынғының жалғасы,
Бiз екеумiз – бүгiнгiнiң арнасы.
Киiз үйде – кiшi көктiң астында
Кешкi ымыртқа үн қосамыз болмашы.
Текеметке терiм сiңiп телiндiм,
Түндiгiмнен түтiн болып бөлiндiм.
Өлiп-өшiп өзiм сүйген өмiрдiң
Өзегiнен өлең болып өрiлдiм.
Көк тұнығым – көңiл көгiм – тəңiрiм,
Тəңiр тұттым – тазалығым мағұлым.
Киiз үйде – кiшi көктiң астында
Өзiм сүйген өмiр төктi жарығын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу