Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  101


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Еске алу

Түседі еске,
Батқан кезде ойларға,
Көшіп барып
Алыс сонау қойнауға,
Жұмыртқадай киіз үйлер тізіліп.
Отыратын баяғыда
Жайлауда.
Дала – дастан,
Өзінше бір дала – аңыз,
Сенбесеңіз жиегіне қараңыз.
Онда біздер
Сол даладан бірдеңе
Қанымызға сіңіп жатқан баламыз.
Кеңдігімен өзгеше бір тірлігі,
Шалғынының сылдыры мен сыбдыры
Қанымызға сіңе берді ақырын,
Далаға ұқсап шығу үшін бір күні.
Сүйем, далам, айырылсаң да іргеңнен,
Тіпті әуелі бұлтыңды да түнерген,
Күздігүнгі желіңді де ысқырған
Ең бір сырлас жақынымдай білем мен.
Сол күзде түсті ертерек ызғырық,
Өз дегенін салды, сөйтіп, күз бүлік.
Әлі есімде, көршіміздің күшігі
Отыратын күнге жонын қыздырып.
Әлі есімде, қос құлағы қалқиып,
Жан-жағына ауыз ашып,
Аңқиып,
Барлық ауыл қыстау жаққа көшкенде
Жұртта жалғыз қала берді маңқиып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу