Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  100


Автор: Аманхан Əлімұлы

1993 жылдың қысы

Бақытың менен азабың,
Өрілген қатар тірлікте, –
О, сығыр менің қазағым,
Келесің қашан бірлікке.
Ортайып ырыс табағы,
Аш құрсақ күйге түстің-ау.
Ашылмай сыртта қабағы,
Азынап тұрған қыс мынау.
Жасың да, қалмай қартың да,
Келесің ілбіп көшпенен.
Армандай тірлік артыңда,
Алдыңда үміт өшпеген.
Арылмай жоқтық басыңнан,
Күйіндей күйің торғайдың.
Тым үлкен қабың асынған,
Одан да өткен зор қайғың.
Кешетін қазақ күй ме еді,
Көретін қазақ жай ма еді.
Киім ілгіштей имелі,
Сап-салқын неге Ай лебі?
Айтар сөз мынау сасқанда:
«О, неге, неге көрмеді, –
Əуелі Алла аспанда,
Елбасы сосын жердегі?..»
Үйірліп үйдей басқа мұң,
Иман да қалды аяқта.
Шалдығып, шаршап қас қағым,
Ұйықтап кетсем оятпа.
Көңілді жайлар күй тынған,
Қайдағы бітпес іске еріп.
Оянсам, шіркін, ұйқымнан,
Молшылық жайлы түс көріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу