Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  114


Автор: Сабырхан Асанов

Жол бермейді тар көшеде бұлғаңдаған екі жас...

Жол бермейді тар көшеде бұлғаңдаған екі жас,
жол бермейді тар көшеде бұлғаңдаған екі «мас»:
қыз бен жігіт, қыз бен жігіт,
жол бермейді қыз, жігіт
жол бермейді он алты, он жеті жас.
Олар үшін жаңа атып тұр алтындай боп күліп таң,
Олар үшін жас тамбайды көктегі сұр бұлттан.
Олар үшін бұл дүниеде жалғыз ғана екеуі,
жолды, мені, басқаларды ұмытқан.
Жұмысы жоқ ешкімменен, аяқтарын майда алып,
барады олар, барады олар ойланбай да, ойланып.
Жүрістерін бұзғаным жоқ, бұзуға да батқам жоқ,
өтіп кеттім тез-тез басып, айналып.
Кім біледі, қайта айналып қараған да болармын,
дір-дір етіп жасқа толып бұлдыраған жанарым,
кең дүниеде мас боп келеді
алғашқы ақ махаббат,
қақысы бар, қақысы бар жүруіне олардың.
Ей, адамдар, қатал болмай, рақымдылық етіңдер,
кезім кеп тұр бір нәрсені өздеріңнен өтінер:
Жол үстінен дәл осылай келе жатқан жас көрсеңдер,
жүрістерін бұзып алмай, айналып-ақ өтіңдер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу