Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  126


Автор: Жүрсін Ерман

Емханада

Хал сұрауға келдің бе?
Кел, қарағым.
Айтып отыр ауыл мен ел хабарын.
Тұрғынымын тұрақты емхананың
Дертке қашан кім білсін ем қонарын...
Өмір көші сүйрейді кімді ілгері
Бір күн әрі боламын,
бір күн бері.
Үмітімнің шырағы қалтырайды
Көңіліме осы бір мұң кіргелі...
Үміт еді үзілмес бар байлығым
Байлығымды алмақ боп арбайды күн.
Бір сұмдықтың боларын сезеді ме
Бүкіл іші-бауырды қармайды мұң.
Қайда кетті шоқылар, шыңдар әлгі?
Таудан түсіп келе ме түн қараңғы.
Шуылдаған ағаштар тыныш тауып
Төңірегім қоп-қою мұңға оранды...
Мұң, мұң, мұң, мұң...
қай жақтан келді осы мұң?
Ашып қойшы айқарып бөлме есігін.
Тәңір өзі тербетіп жатыр ма екен
Жер бесігін қажыған пендесінің...
Мініп алды зілдей боп иыққа мұң,
Басым мең-зең, қалғандай ұйып қаным.
Енді қайтып мұңайып оянбасқа
Ұйықтағым келеді, ұйықтағым...
Дөңбекшіп емхананың төсегінде
Шырақтай майы біткен өшемін бе...
Шынымен қабыл болмай қалар ма екен
Тілегі тоқсандағы шешенің де?
Адыра қалар ма екен жар тілегі?
Тағдырдың қолай көрсе нарқы мені
Бұдан да (Мұқаң айтқан) қан майданның
өтінде оққа ұшқаным артық еді...
Пайда жоқ– өкінсең де, өтінсең де,
Қаласың жыр-перзентім, жетім сен де.
Жүректен тамып түскен бірер шоқтай
Жүрсе екен сенде біраз отым сөнбей.
Кімге опа беруші еді бос уайым,
Бекерге бұл сапардан шошымайын.
Тәуірлер тізіміне қоспаса да
«...мезгілсіз...» дегендерге қосылайын.
Жанында бір орын бар Жәнібектің...
(Апыр-ай, келмейді ғой әлі кеткім.)
Кеңшілік, Жұматай мен Жүрсін деген
Ішінде жүрермін бір мәліметтің...
Ал, балам, енді ертерек «ордер» ізде,
Кеңсайдан кім қияды төрді бізге.
...Достарға жеткізер ем сәлем айтса,
Айтовтың бір соқпауын көрдіңіз бе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу