Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  163


Автор: Фариза Оңғарсынова

Атын жазбаған студенттің хаты мен оған жауап

«Сізді жақсы түсінеміз, ұғамыз,
Жырыңыз – бір байтақ жатқан құба дүз
екендігін
замандас та білмейді,
аға деген қаламдас та білмейді,
(біледі, тек күндейді)
оны ұғатын мына біз!
Сіз шыққанда, қол соқпаймыз жорта біз:
жырыңыздан толғандай боп ортамыз
отырсақ та,
қолды соқсақ дабырлап,
Сіз басқаша қабылдап,
жарамсақтар деп ойлар деп қорқамыз.
Жырыңызда – наркескендей өткірсіз,
түнектерді талқандайтын от – Күнсіз,
пасықтықты мұрттай қиып ұшырар
өлеңіңіз – оқ тілсіз!
Жырыңызды оқуға, рас, жоқсыз Сіз.
Бірақ наз бар бізде де:
əйел жайлы көп жазасыз Сіз неге?
Ер ақындар өмір бойы бар күшін
салып соған,
əйелдерді паң мүсін
асқақтатып жазды шын.
Ал сіз неге əйелдерге құлайсыз?
Соларды айтып мұңаясыз, жылайсыз,
тебірентесіз жанды шын.
Бірақ Сізге біреуі əйел затының
айтты ма екен алғысын?
Ел деп соғар жүрегі,
əйелдің де, халқының да тірегі
ерлер жайлы гимн жазар ақынға
Сіз ғанасыз лайық!
... Өтінеміз –
көрмеңізші мұны айып!..»
II
Əйел маған Күн сыйлап, ғұмыр берген,
Отан берген осынау жұмыр жерден.
Бала десе балқыған жанымды ұғып,
маған қиып сыйлаған ұлын жеңгем.
Табыстырған мені əйел жан əкеммен,
мейірімін сол жанның дара көргем.
Мені сүйген, мен сүйген жандарымның
барлығын да өмірге ана əкелген.
Мені арқалап шығарған белестерге,
ажыратуды үйреткен елес пе, ел ме...
Жыр арнасам жанымнан
əйел көркін
қызықтау не мадақтау емес менде.
Ойламаппын мен шіркін миым сүрлеп
кепке ұнауды мақсат қып, қиын сын деп.
Жыр жазбадым жұрт жаппай қолын соғып,
алғыс айтып алдыма иілсін деп.
Армансызбын жыр туса жас тамардай,
ойы жоқ та ес кіріп жасқанардай.
Күн кешкем жоқ жүрсе де ел басқара алмай,
жазатайым біреуді жарылқаса,
алғыс күтер баяғы патшалардай.
Жыр-дертімді бұлдаман ешкімге де,
тіпті аударылмасын еш тілге де,
Жұқа жандар аурушаң жүрегіне
жырларымды жаратса бір еміне –
медеуім сол тұратын бес жүлдеге,
ұқпады деп қиналман тексіз неме.
* * *
Теңізде – тасқын, далам – сең,
мүлгігенсиді шыңдар құр.
Қызығып көкке қараушы ем
тыныштық-ау деп тұнған бір.
Жайлы өмірді жалған жұтқан ба –
көгімде де жоқ тыныштық,
жұлқыласып жүр бұлттар да
найзағайларын қылыш қып.
Тыным жоқ аспан жақта түк,
жөңкиді бұлттар қара, ала.
Табанымды тайғанақтатып
əлде Жер көшіп бара ма?
Тойымсыз көздей құлқыным,
мейірімді жалмап шер-жебір.
Болмады-ау Жерде бір тыным,
тыншымай қойдым мен де бір.
Дүниеден көшкен нұр сырғып,
қантөгіс əрбір жүректе.
Əрбір кеудеде – күншілдік,
əр досқа деген бір өкпе.
Дүрбелең ғұмыр кешкесін
қонақтамайды ырыс-құт,
Жерімнен тыным көшкесін
жанымнан көшті тыныштық.
Соңым – шөл, алда – бір нүкте –
тамұқтың табалдырығы.
Жетті ме Өмір – жүйрікке
ақырзаманның құрығы?
* * *
Бойым дел-сал қалғандай жайрап денем,
шатастырып күнді аймен, айды аптамен,
ыққан малдай сезімді оқтын-оқтын
ақыл-дана алдына айдап келем.
Айдап келіп ақылға қамалаймын,
секілді еді ойым – тау, санам – айдын.
Сезім-дауыл айдында ойнақ салып
ойрандауда тынымын жағажайдың.
Ұры түскен отаудай шалқар жалған,
бытқылға енген түлкі боп жалтарды арман.
Шаңқылдап жүр шағала-жаным көкте,
денем – қайық ескегі талқандалған.
Ақыл – алтын қазықтай тұр бұлдырап,
сол маңайда, байқаймын, бұлғын құрақ.
Күміс шынжыр тастайды ақыл маған,
мен еркіммен алысып жүрмін құлап.
Теңіз – сұсты, көгім – бұлт, жаға – қырғын,
бұл дүлейден құтқарып алатын кім?
Шынжырына ақылдың қол созумен
тұңғиыққа шым батып баратырмын.
* * *
Буырқанып жақпарлы жарды басып,
талқан қылып тастарды
қарғып, асып
тентек өзен барады
таулардағы
тыныштықпен тартысып салғыласып.
Бауырында жатқандай қырсық бұғып,
шырқ үйіріп тастарды ұршық қылып.
Жазық жаққа тартады,
мұзарт таулар
тарылтқандай тынысын тұншықтырып.
Сақылдайды, күледі басып өктем,
бірде жылап, сүртеді жасын еппен.
Арыны асқақ болғанмен, əр қадамы
келетіндей соншалық қасіретпен.
Жолындағы шың-құзға жасқап ұрған
соғылады, зулайды оқша жылдам.
Шатынайды шыныдай, тағы асады,
тасқыны өрши түседі тосқауылдан.
Тастап құзды жібермес жолын қысып,
жоталардың бойында өрілді шық.
Мəңгілікпен толқындар ұласады
мəңгіліктей даланың жонын құшып.
* * *
Шықпайды деп ойлама жастан дана,
кəрі-жасы болмайтын тастар ғана.
Миы да жоқ, ойы жоқ шалдар қанша
басын бұлдар орап ап ақ шалмаға.
Ұқсап соғыс жылдағы басқармаға,
ел сыйлайды екен деп аспандама.
Ел сыйлайды сатусыз, құн дəметпей
мейіріміңді сен оған шашсаң ғана.
Қасиетті болса адам, асқан дана,
«Мен – əулие, – демейді, – жастар – бала».
Дана болсаң, басыңды и ұлылыққа,
мынау үлкен-кіші деп жас таңдама!
* * *
Мен сені жүретінмін мақтан көріп,
қызғыш боп, өсек айтқан жаттан қорып.
Өзгеше жұрттан бөлек жан дейтінмін
жоқтай бір көлеңкесі – таң кейпіңнің.
Аңқау да аңғал жансып жүретінсің,
сезімтал, сырды айтқызбай білетін шын.
Əрқашан ақ көңілмен қарсыладым,
ерсілеу қылығыңа сан шыдадым.
Жүрдім мен өзің жайлы ойым дырдай,
гулеген өсектерге мойын бұрмай.
Арам да достарыммен кетті алыстап:
сен мені бөліп алдың шеттеп ұстап.
Қайғырсаң жүрді жаным жай таба алмай,
дұшпаннан бар кегіңді қайтарардай.
Мұңайсам, қайғы қостың үстемелеп,
бел бусам дедің-ау сен: «күш не керек!?»
Жарқ етсе бір жақсы ісім теріс дедің,
мен сосын оның бəрін кері істедім.
Көрсетсем бір жат қылық мақтадың кеп
мəн беріп оған бірақ жатпадым көп.
Білмедің түбі жырақ кетерімді –
өзің-ақ мені сұмдау етеріңді.
... Өзіңсіз қазір тіпті жайлы маған,
тек қана сенің үшін қайғыланам.
Бүйтпес ең, бар-жоғымды ескермес ең,
өзіңнен биіктігімнен сескенбесең...
* * *
Кей ісің ойға салар мұң,
өткенді шолсаң сағына.
Жақсылық жасау – адамның
нəр берер кейін жанына.
Мейірім етсең, тас жібіп,
жетімге түнде таң атар,
кезінде етпеген жақсылық
қылмыспен кейде пара-пар.
Қолыңнан келіп тұрғанда,
қасаңдығыңмен қарысып,
жақсылық етпей бір жанға
отырған болсаң жабысып,
кейіннен сені шымшылап,
тарылтар тыныс-деміңді,
төбет боп талап мың сұрақ,
береді сазай-еміңді.
Өтеді жылдар жасты үгіп,
бойда да қолда күш қалмай.
Жасалмай қалған жақсылық
ішіңді жейді тышқандай.
Түңілген жанға үміт – ем,
тұтата алмасаң – нашарлық.
Қайткенде сені жібітем,
адамдардағы қасаңдық?
* * *
Мына кештің ғажабы-ай,
Сарыарқаның кештері.
Көк аспанның ажары – Ай
жұлдыздарды екшеді.
Баурап қырдың жамалы,
тұрмын көзімді ала алмай.
Күн қырындап барады
көңілі қалған адамдай.
Мазасыздық таптаған
жаным бүгін саябыр.
Тыныштық бер, пəк далам,
мені де сəл ая бір!
Ая, кештер, ая, қыр, –
сабырыңнан бер маған.
Жылытады сая нұр,
аман болса кең далам.
Бір бұлақтар басталып,
бір кеуделер гүл атты.
Кетті менен жас тамып
ұстағандай мұратты.
Əйел деген – бір адам:
қарап тұрып ұнаған,
жұбанса да жылаған,
қуанса да жылаған.
* * *
Айналғандай дүние тас тұғырға,
таса қалып бас мұрат, басты мұра,
көлбең көлеңкесіне айналғанда
адамдар да, –
елемей сынның бəрін,
талқандайтын теңсіздік шынжырларын
қажет болды бір дауыл бұл ғаламға.
Неше заман ұялап мұң жанарға,
жүректерді ыза-кек тырнағанда,
тақсырларға тағдыры тəуелді боп,
күн өткерген бірегей тұлғалар да,
жалаң төспен бет алып сын-қамалға,
ерлер сонда бастаған бір дабылды.
Күрескерлер – тарихта тұлға нұрлы,
айырбастап алапат сынға мұңды,
тұңғиықтың түбінен жарық аңсап,
бас көтерген алғашқы ұлдар – үлгі –
аршыр болсаң тастардан құндығыңды,
құрбандыққа ғұмырды,
санаңды арна!
Жерде майдан- тіршілік, заман барда,
жету үшін жұмақтай таң-арманға,
тау-талаптар тайпалып, тоқым тозып,
төгілер жас, тамшылап тамар қан да –
Исатайлар секілді құрбан болмай,
ешбір жеңіс келмейді адамдарға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу