Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  220


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бибігүл - ән

Əн барады айналып гүл даланы,
таң самалы толқиды жылғадағы.
Ағысынан тынбайтын тіршіліктің
жайнайды нұр жанары.
Əн-əуенде төгілді бүгін бір үн,
таратқандай əлемге ғұмыр нұрын.
Сандуғаштай самғады серпіп тастап
аспанның шымылдығын.
Мынау əндей
табиғаттың тірлікке шашар нəрі,
жібігендей Жердің де қасаң жаны.
Нəзіктікке ынтызар дүниенің
жанары жасаурады.
Қырмызыдай қырдың да бұлғын түрі
жанарына бір нəзік сырды іркіді.
Ғашық болып көрмеген жандардың да
жүрегі бір бұлқыды.
Нəзік, назды ерке саз бұл үндегі
талпындырар тірлікке діріл ме еді –
əнге елітіп ойланды
түңілген жан
тұрғанда сүрінгелі.
Əз əуенді
іліп ап май самалы
шапқылайды, шарлайды сай-саланы.
Тұнжыраған таулар да сиқыр сазды
тынбастан қайталады.
Көн көңілдер көрмеген таңдай қағып,
тамсанады тəтті үнге қанбай қалып.
Айналаның барлығы балғын тартып
барады əнге айналып.
Жалаң аяқ жүгіріп мəз ақ сағым, –
аңсағандай сандуғаш азат бағын.
Сұлулықтың тəңірі табиғат та
еске алды ғажап шағын.
Толастады тізгіндеп жел екпінін,
жасарып жамылды Жер желек-гүлін,
ойланғандай бұлақ та бұрынғыдан
басқаша бір сайраудың керектігін.
Шуағына орады нұрлы күнім
Жер-орманда сайраған бұлбұл үнін.
Кінəмшылдау əлем де мынау əнге
арбалып тұрды бүгін.
Сол бір əннен
мен ғажап күйді ұғындым,
ұмыттым да күйбеңін қилы күннің.
Қайталанбас əрі əуен, асыл əуен –
«Бұлбұлы» Бибігүлдің!
Бибігүл – əн!
Оятқанда ол бұралып тымық таңды,
кеуделерде көз ілген үміт жанды.
Нұр дидары – жүректе,
құлақтарда
сазды əуен тұрып қалды.
* * *
Əн болып арман алысқа мені шақырды,
əн болып мұңға батырды,
аяулы жаным əнменен тұңғыш оятқан
алғашқы махаббатымды.
Ананың төсін маужырай құшып бал денем
əн болып атқан таң деген,
көлеңкелерді кеудемнен менің көшірген
жалғанда жалғыз жанымдай дара досыммен
табысқам алғаш əнменен.
Дал болып басым шешімі қиын сұрақтан
(тұрады өмір сұрақтар мен сынақтан),
жатқанмын жалғыз жастықты жуып жасыммен,
сонда да мені жұбатты əн.
Жасытып жанды азабы, жолы жылдардың
жанарымда да тұнған мұң.
Жасымнан бұрын солдым да, сосын өң кіріп,
əнменен қайта нұрландым.
Жүргенде шалқып жалынан тартып құр аттың,
жайсаңдарымның жанары сөніп жылаппын.
Досымның аппақ көңіліндей əуен-əнменен
өзімді сонда жұбаттым.
Елтимін əнге көңілімде бір сəт мұң қалмай,
дүниенің бəрі көз жауын алар гүлзардай.
Əсемдіктерді аңсаған байтақ əлемді
əн ғана тербеп тұрғандай.
Мен үшін əн де –
өмірлік алып тұлғадай,
биіктіктердей құндағы – Ай.
Ғажайып əуен төгілген сəтте тұра алман
сүйсінбей жəне жырламай!
* * *
Биіктіктер. Заңғарлар. Найза шыңдар.
Найза шыңда ойнайды жай-жасындар.
Жердегіні баурайтын, сыйқырлайтын
қандай осы сендерде айла, сыр бар?
Биік деген немене?
Тау атанған теңбіл көк тастар ма ана,
шыңдар ма əлде оранған ақ шалмаға?
Жоқ! Биіктер мен үшін шыңдар емес,
биік деген – өлшенбес аспан ғана!
Аспан деген –
құз-жарсыз ол да дала,
бұлтты шыңдар, жасындар жолда ғана.
Алаламай қарайды жеткендерге –
арман қуған бала ма, ол зор дана ма?
Ол биіктік мұзбалақ қыран барған,
қыран өтер құздарда сыналды арман.
Оған жетсең, сен мүлде жырақтайсың
төмендегі бəсеке, ұрандардан.
Биіктерге талпынсам таңданба, адам,
ерлік деген – сөз емес жалған, жалаң.
Ерлік деген – кеуде ашып желге суық,
қанатсыздар шарлаған жерде туып
қанаттылар мекенін армандаған!
Қажытар да құздардың мың кеселі,
қамалайды тұман да, түн де сені.
Нəзік денең талықси талпынғанда,
самғау бұйырмағандар күндеседі.
Самғау деген –
сұстанған сан-сан асу,
құздан құлау, шоқтарға арқа басу,
қызғаныштың оғына кеуде тосып,
арпалысу, тер төгу, жанталасу.
Биік деген осылай тексереді,
тексеруде саңлақтар екшеледі.
Дарытпайды биіктер, лақтырады
жерден ұзай алмайтын мес денені.
Ондайларға жазбаған шыңда өлу де
(шыңда өлмесем, тірлігім – тұл менің де!)
өз беті жоқ, олардың шешімі жоқ,
бірақ мығым құрлықта күн көруге.
Уақыт озған кезінен күйік, шердің,
күн сəулелі көгінен сүйікті елдің
Бибігүл – əн сайрайды бұлбұлындай
қанаттылар мекені – биіктердің!
* * *
Əнімдей асыл шырағым,
армандай мөлдір жыр-əнім,
айтылмас іңкəр сезіммен
əйтеуір саған құладым.
Сорым ба, əлде бағым ба –
асқақтап жүрген шағымда
өртеніп бара жаттым мен
сендегі өртті жалынға.
Қуаныш – көзде, жанымда – от
дүние кетті сағым боп...
Жайсаңдар, мені жазғырма –
сезімсіз жерде дарын жоқ.
Сезіммен ағыс – арнаша,
алауламаса, жанбаса –
түк емес талант дегенің
өмірдің де өзі – далбаса!
Көңілге көктем толмаса,
шалқу да болмас онда аса,
атағың, даңқың медеу ме
бақытың бүтін болмаса?!
Не пайда мынау нұрлы өңнен,
бақытты жандай жүргенмен,
жүректің жасын жасырып,
күрсініп тұрса жыр-кеудем?
Талаппен ұшқан түлегін
аялай білген ұлы елім
қияды маған бақытты,
тілейді бəрі, білемін!
Сырластар, мені сынға алма,
бас ұрдың деме бір жанға,
жанымда менің жалғыз сол
«Гауһартасты» айтып тұрғанда!
Жан досым, жүрсің бір келмей,
қия алмай, ақыл жүр жеңбей...
Ұғасың əлі-ақ, сонда біз
шалқимыз сонау күндердей.
Лəззат дəмін татып ем,
бақытқа баймын заты мен –
сүйіктім құшқан сəттермен,
елімнің махаббатымен.
Аялы ниет – шат шағым,
аяулы халқым – басты əнім.
Тербейін «Бұлбұл» сазымен
бақытты елімнің аспанын!
* * *
Бөтен ел. Басқа халық, басқа мекен.
өзен де, таулары да, тас та бөтен.
Салт өзге, өмір өзге, өзгермейтін
жалғыз-ақ жанары ортақ аспан екен.
Бəрі жат, ауасы мен жері, желі,
кей тұста даласының жез – реңі.
өмірде ұқсамаудың өзінен де
керемет ұқсастықтар сезіледі.
Таулар да Алатаудай көз арбады,
маужырап баурайында көгал бағы,
аумайды жауыны да,
біздегідей
ақ шаңдақ жолдары мен тозаңдары...
Барлайсың, қаласын да бетке аласың,
байқайсың өмірдің де шет-жағасын.
Құрылыс та қабат-қабат, көшіп келген
біздің үй емес пе екен деп қаласың.
Көміліп сəулесіне Ай нұрының,
Монреаль əнге құшақ жайды бүгін.
Ақ маңдай машиналар ығыстырған
айтулы ұлы жазық сəйгүлігін.
Бір нəзік əнге деген жанында – үміт,
алыстан ағыстардай ағылды жұрт.
Монреаль аспанында Бибігүл – əн
самғады сұлу үнге табындырып.
Бұлбұл əн шарықтады, аспандады.
Елестеп Алатаудың асқарлары
тағдыры туған жерден жырақтатқан
жандардың жанарынан жас парлады.
Бұл – жандар (тағдырдан тыс қалған ба адам,
Отансыз өмір – азап, тағдыр – қараң)
туған жер топырағын бір-ақ құшып,
жұпарын бір жұтуды армандаған.
Ұмтылды сабыр сақтап сəл тұра алмай,
бір сезім кеуделерін шарпығандай.
Жүректі жайлап алған мөлдір үннен
даланың жусан иісі аңқығандай.
Тартты да мынау əуен жанды баурай,
ешкім де өңге өмірді қалды ұға алмай:
Жан шөлін, туған жерді аңсау шөлін
бұлбұл əн бұлақ үнмен қандырардай.
Елді аңсап жанарларда жанып ұшқын,
жүректі шымырлатты сағыныш-мұң.
Шарасыз халдегі адам сезінеді
тұрғандай ортасында жарылыстың.
Өртеніп тұла бойы, тістенеді,
дəрменсіз, қарығандай мыс денені.
Қояды тағдыр солай тыпырлатып,
ортаның шындықты езсе күш, беделі.
Тұр солай жанарды мұң тұмшалаған
ел-жұртты арман етіп бір шама адам,
жан-күйді сағыныштың толқынына
кеткендей тұншықтырып бұл шағала-əн.
Білгізбей не күйініп, ашынарын,
не сезім шаттығы боп шашыларын,
адамды тоқсан күйге түсіретін
не деген кұдіретті ең, асыл əнім!
* * *
Сен барда бұл өмірде
жасытпас дұшпан-мұңым.
Бір сезім жүрегімде,
ол – саған құштарлығым,
Толғандай дала жырға
толқиды жанымда ағын.
Мұң тұнса жанарымда,
ол – сені сағынғаным.
Шашатын барша əлемге
сездім Күн шапағатын.
Бір тірек қалса менде,
ол – сенің махаббатың.
Сəуледей түнектегі
мен үшін шешім, үнің.
Бір үміт жүректегі,
ол – сенің кешірімің.
Қайғырсам құлап-талып,
булықсам жасқа демде,
ол – сенен жырақталып
күн көру басқа жерде.
Күш алып санам, денем,
өмірге құлшынарым:
ол – сенің маған деген
мейірім нұр-шуағың.


Сенсіз жоқ жақұт шырай,
қуаныш, күлкі де елес.
өзіңсіз бақыттыдай
жүруім мүмкін емес.
Əкем боп бұлаңдатып,
анам боп аймалаған,
мен үшін, – жыр, əн, бақыт,
өзіңсің, жайдары анам!
Шырқайын əн-жырың боп
өмірдің бұла таңын.
өзіңсіз тағдырым жоқ –
о, менің ұлы Отаным!
* * *
Таланттыны туады халық қана,
таланттармен халқы да алып, дана,
шырқатады көгінде, аялайды
жəне тастай алады «тамұққа» да.
Мейірімін төкпесе ел Ай нұрындай,
сенің дарын, атағың, айбының – жай.
Талант деген тым сирек құбылыс бұл
табиғаттың беретін байлығындай.
Абыройға ұмтылар жас, кəрі де,
бəрі өткінші – бедел ме, бақ, сəнің бе?–
Күні ертең-ақ мезгілмен көміледі.
Ал таланттың жол-жөні басқа мүлде.
Иə, бəрі уақыт пен шаңға бөгер,
тек талантты өлтірмес арман-өнер.
Бірақ өркен жаймайды, өсе алмайды
асылдарын аялай алмаған ел.
Шықпады деп əлемге даңқым дара,
өкпе-наз да айтамыз сəл тұлдана...
Жоқ! Көркемін көре алар көкіректер
бар əлемде, бар менің халқымда да!
Шарлау үшін жарқ етіп əлем жерін,
төккен терің түк емес, сəл еңбегің.
Елің мақтан етердей талант боп ту,
сосын оны ісіңмен дəлелдегін.
Халқың туған анаңдай сынар, барлай,
сенім тусын жаныңда тұман қалмай.
Туған елдің мейірім, сенімінсіз
таланттар да қанатсыз қырандардай.
Аялаған болсақ та шашақ тағып,
кейде еркіне жүйрікті босатпадық.
Кұлагердің қанаты кімге медеу –
шабар болса мəстекке қосақталып.
Дала тегіс десек те – сай-салалы,
жүйріктер де ор-жардан тайсалады.
Бөрібайлар жолында бұғып жүрсе,
сəйгүліктің сүрінбес қайсы амалы...
Жүйрік болған далада, дарын болған,
ерлер болған бермейтін арын қолдан.
Қопарғанмен уақыттың дауылдары
тіптен құрып кетпейді тамырлы орман.
Ол кезеңнен замана арылған-ды,
күнім нұрлы, шуақты таңым да алғы.
Біздің мынау бақытты ел, байтақ елге
жаңаша өрлеу, жаңаша даму – заңды.
Жолдары ұзақ өмірдің алда тағы,
келеді əлі таланттың сан қатары.
Менің елім бүгінде жүйріктерін
Бибігүл – əн секілді самғатады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу