Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  263


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Қош, адал дос, Әбілахат!

Кеткен еді Алматыдан ұзап бір,
Кенет шықты суық хабар, құлақ түр!
– Қайда жүрсің, Әбілахат ауру,- деп,
Назым жеңгей телефонда жылап тұр.
Жазды күні жай түскендей төбеден,
Тебірентіп, көңілін қайғы бөлеген.
Сап-сау жүріп, құлап қалды кенеттен,
Тап осылай кеткен еді Төлеген.
Қарсы алған дастарханын дос жайып,
Сол достықтың терең сырын шашпай ұқ!
Ауру дейді аңқылдаған адал дос, Сазгер аға Әбілахат Еспаев.
Отыр еді досына сыр ақтарып,
Алматыны тауыса алмай мақтанып.
Ести сала «ауру» деген хабарды,
Шымкенттен суыт кетті аттанып.
Ахат сазгер бәріне де үлгерді,
Бірге өткізді күндер менен түндерді.
Бірге жүрді, сыр жасырмай көңілде,
Өмірдегі қиындықты бір көрді.
Әбілахат үлкен бес жас, бұл кіші,
Үйретері көп , беретін үлгісі.
Әні болған сүйіп айтар халықтың,
«Маржан қызы»,«Ұстазым» мен«Жылқышы».
Таба алар ма дос, ағайын бір емін,
Таба қылмай берсе құдай тілегін.
Жүрегінің талмасы ұстап қалды ма,
Қаңқу сөздер жаралайды жүрегін.
Көп пенденің жете бермес ақылы,
Кейде сыймай, қоғамына, жат ұлы.
Мұқағали Мақатаев қосылып,
Бұл серілер үшеу болған ақыры.
Адаспайсың, даналарды тыңда көп,
Кейде олар елеске бай, шынға жоқ,
Ленин өзі қол көтеріп, тұр нұсқап,
Бас жазатын сырахана анда,- деп.
Осылайша әзілдесіп жүретін,
Құрдастардай ойнайтын да күлетін.
Арасында мақтан тұтып қоятын,
Алаңдағы мілисалар күзетін.
Көктем келер жапырағын тал жайып,
Қыс келеді, жауған аппақ қар бойы.
Әбілахаттың қарт әкесі Сымағұл,
Күтеді ұлын ертелі-кеш сарғайып.
Жомарт кісі мұсылманға иланып,
Кейде отырып қалатұғын үй бағып.
Азын-аулақ қаламақы алғанда,
Жеткізе алмай жүруші еді қиналып.
Әй, Шәмшіжан, түсінем ғой сендерді,
Ақылды көп, дәулетті Алла кем берді.
Өз ұлдарын қор қылған ел қай оңсын,-
Дейтін әке,- шүкір, әруақ дем берді.
Сымағұл да кетті өзінің жолымен,
Әй, дүние, қашан асып, толып ең.
Шығарып сап сапарына ақырғы,
Қарияны арулады қолымен.
Еш пендеге қиянаттық жасамай,
Кейбір сөзі болатұғын батадай.
«Жәмшид сері», деп атайтын ылғи да,
Шәмшіні қарт өз атымен атамай.
Тарылғандай өнердің де өрісі,
Қазір оны атамайды ел іші.
«Сері, салды» халқы берер құрметтеп,
Әр заманның өзінің бар серісі.
Сол маңайда шықты−ау деймін бастапқы ән,
Бірге жүріп талай абзал дос тапқан.
– Құтты болсын,- деген Ахат қуанып,-
Жақсы бопты үй бергені Тастақтан.
Қолдау керек мақсаттарға жетуге,
Талай талант ескерілмей өтуде.
Өкпелесең Тастақ жақтан жап-жақын,
Шымкентке қайта қашып кетуге...
Бұл Ахаңның естен кетпес қалжыңы,
Кімдер қалай қабылдайды, ал мұны.
Қайран Ахаң, жалпаңдауды білмейтін,
Тек жүректе айтар сөзі, бар мұңы.
Ақ көңілі шексіз, шетсіз даладай,
Мына өмірден сыбағасын ала алмай.
Дүниеден Ахат та өтіп барады,
Тірлігінің оң-солына қарамай.
Денесі үлкен болсадағы сөзі жай,
Жаны жайсаң, жомарттыққа өзі бай.
Қатарласып жүруші еді жарасып,
Бірге туған екеуі егіз қозыдай.
«Алматының бозғыл тұман түнінде,
Көп тұрушы ек жасыл терек түбінде.
Сүйемін,- деп асылып ең мойныма,
Қайда, қайда сол минуттар бұл күнде».
Бәсе қайда, сол бір сәттер, сол күндер,
Қызуы мол, махаббатты мол түндер.
Шәмші көңілі мұңаяды сол шақтың,
Айдап кеткен секілді бір өртін жел.
Ауыр жүкті жүрегімен сезіне,
Қимастықтан егіле, іштей езіле.
Қайталанып көңілінде Ахат әні,
Күрсінеді жас үйіріп көзіне.
Көңілінен күдік ойы тарады,
Шәмші үлгерді, қоштасуға жарады.
Келді Шәмшің, міне,- деді Нұрғиса,
Көзін ашып, жан-жағына қарады.
Қоштасу да секілді бір кез мұңды,
Естімейді шуылдаған өзге үнді.
− Қош, Жәмшид,- деп қолын қысып, күбірлеп,
Ары қарай жылап барып, көз жұмды.
Алатаудың тартылды бір бұлағы,
Асқақтаған бәйтерегім құлады.
Шәмші-ау, болдым Тағаланың шұнағы...
Арыз айтып, Назым ұзақ жылады.
Құдай мұны пендесіне жазбасын,
Солай болар, ескі дүние тозғасын.
Ие бола алмай қалған Шәмші де,
Сүрте берді, сүрте берді көз жасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу