Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  102


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОПАСЫЗ ДҮНИЕ

Еділ үшін егескенде,
Хан ордасын талқандап,
Бұзуды ойлап кеңескенде –
не көрдік?
Қарашаның қара ұлы
Хан ұлына теңескенде –
не көрдік?
Жайық үшін жандасқанда,
Қиғаш үшін қандасқанда –
не көрдік?
Сарбаздарым қан кешіп белуардан,
Соғысымыз ай бойы жалғасқанда –
не көрдік?
Ажал тура бет түзеп бұрылғанда,
Қамын ойлап қазақтың қырылғанда –
не көрдік?
 Сыпырылған терідей,
Денемізден қызыл ет сырылғанда –
не көрдік?
Тептер үшін тебіскенде,
Дендер үшін керіскенде –
не көрдік?
Теңдік үшін шайқасып,
Ағайынмен кетіскенде –
не көрдік?
Сырт айналып Уақыт құбылғанда,
Шындық іздеп шырқырап қуынғанда –
не көрдік?
Қырмақ болып патшаның қалың қолын,
Қызыл қанға жуынғанда –
не көрдік?
Қуат қосса тәңірі қуатына,
Кір келтірсін жалғанда кім атына.
Бірге өзімен азабын қоса арқалап,
Азамат ер анадан туады ма?!
Айдарынан жел ескен Ай қалқалап,
Жете алмады мақсатқа қайран талап.
Арқалаған сарбаздай ер-тоқымын,
Айдалада аңырдық қайғы арқалап.
Ісімізді бүкіл ел қолдағанда,
Көк найзаны дүркіреп қолға алғанда, –
Жеңер едік біз жауды,
Дүниенің
Опасыз жалғандығы болмағанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу