Өлеңдер ✍️

  28.04.2022
  71


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕН НАРЫННАН КЕТКЕНМІН

Мен Нарыннан кеткенмін,
Нарынды талақ еткенмін.
МАХАМБЕТ.



Мен Нарыннан кеткенмін,
Нарынды талақ еткенмін.
Дүниенің түбіне
жетем бе деп жүргенде
өз түбіме жеткенмін.
Қағынан безген құландай,
Мен Нарыннан кеткенмін.
Жақсыға жайсаң көктеммін,
Жаманға сұсты өктеммін.
Қабырғасын дұшпанның,
Қақыратып сөккенмін.
Жайықты кешіп өткендей,
Талай жолдардан өткенмін.
Арман боп алдан ескенмін,
Жайықты талай кешкенмін.
Найзағайдың кіндігін
Қанжармен қиып кескенмін.
 Сол дәурен қайда бұл күнде?
Жоқ деме қайғы күлкімде.
Махамбеттің Нарыннан
Кетуі әсте мүмкін бе?!
Жүрегімнің жатыр соғысы –
Көк бөрі жортқан бүлкілде.
Түңіліп әділ жанымнан,
Кеткенмін құмды Нарыннан.
Садаға кетсін мал мен бас
Кір шалмас асыл арымнан.
Ақ сауыт киген сардармын,
Көз алмай жортқан сағымнан.
Жарылқай ма құдай алдымнан,
Көремін оны бағымнан.
Соққанда боран қағынып,
Беліме қылыш тағынып, –
Мен Нарыннан кеткенмін,
Оралу үшін сағынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу