Өлеңдер ✍️

  27.04.2022
  81


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЙРАҒАНДА ҚАЙЫРА ЖЕТІЛЕТІН

Жанарыңа күн болып төккен арай,
Мұң болып та түбіне шөккен талай.
Қара балта орманға жау боп тисе,
Қиылатын алдымен көк қарағай.
Елі үшін қабырғасы сөгілетін,
Ердің рухы биіктен көрінетін.
Білсең егер қазақта сүт тасыса,
Бал қаймағы алдымен төгілетін.
 Өміріңді, о, Маха, күйік көрме,
Сүйкімдісің әлі де сүйікті елге.
Қара бұршақ сатырлап төпегенде,
Неге алдымен жаумасын биіктерге.
Жалғыздықтың тербеліп кемесінде,
Жалғыз жорттың тіршілік белесінде.
Кейде ұқсайсың жаралы жартасқа сен –
Оқтың ізі көп қалған денесінде.
Күнің қарап күйкентай, бөктергіге,
Жетем деп ең,
жетпедің көктеміңе.
Қар үстіне қан ағып жортып жүрген
Кейде ұқсайсың жаралы көк бөріге.
Қырандайын қанаты қайырылған,
Жалғыз сен бе жұртынан айырылған.
Суға батпай жүзетін қажырлы ерсің,
Аударылып түссе де қайығынан.
Қайрағанда қайыра жетілетін,
Ақ семсер де жүзінен майырылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу