Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  82


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЫР БАСЫ

І
Аузым жетпей жүрсе де шынтағыма,
Ата жолын арымның қуғаны ма.
Маха, Сізге екі жүз жыр арнадым,
Екі жүз жыл толғанда туғаныңа.
Ес тұтатын мезгілде естіні елде,
Жігерімнің шылбырын естім мен де.
Құлагерім құлағын қайшылаған
Дүбіріңді алыстан естігенде.
Көңілімнің қайнарын суат көріп,
Қайрады ма жасаған қуат беріп.
Көкірегімнен құйылған
жыр жолдары –
Керуендей жүк артқан шұбап келіп.
Қалам малып жыр жазған арай нұрға,
Өкпелі емес қай ақын ағайынға.
Бұрқақ атқан Ар-намыс болсаң егер,
Айналмайсың, жан баба, қалай жырға.
Ғасырлардың көз салып сілеміне,
Қайта-қайта қайралып жігеріме, –
Тебіреніп екі жүз жыр арнадым,
Салмақ салып саналы жүрегіме.
Беделімді біреулер түсіргенде,
Семсер етіп сілтегем сұсымды елде.
Ақынға ақын толғанып жыр арнаған,
Жанын ұғып, бір-бірін түсінгенде.
 Көкірегім толғанда өрелі үнге,
Өр шабыттың сүйенгем көмегіне.
Бақыттымын –
екі жүз жырым менің
Татыса егер екі жол өлеңіңе.
Ішім – жүдеп, күн кештім сыртым – түлеп,
Тағдыр мені әлі де жүр сілкілеп.
Төгіп өткен көз жасым шығар – жырым,
Көңілімнің көгінде күн күркіреп.
ІІ
Күндіз-түні жыр арнап толғанамын,
Бірақ жасық жырыма қорланамын.
Маха, Сізді оқысам өркештеніп,
Бұлт қажаған кеудесін өр боламын.
Қарғасы көп мезгілде қарқылдаған,
Кім семсерге айналсын жарқылдаған.
Бетін дауыл сапырған мұхит болсаң,
Айдыныңда қайықпын қалтылдаған.
Толқындармен толқын боп араласып,
Ғұмыр кешсін дедің бе жағаласып.
Айдыныңнан шығарды бір-ақ мені,
Қайығымды дауылың ала қашып.
Дауыл аңсап тудым ба, тегі, мен де,
Ар-намысым тереңнен тебінгенде.
Ағыстарға қасқайтып қайта салғам,
Жағалауға қайығым шегінгенде.
Қабағымнан қар жауған күндер қанша,
Шайлыққанда жүрегім, жеңілгенде.
Жетілгесін күн кешіп өнерлі елде,
Неге өзімді боркемік көрем пенде.
 Маха, Сізге сүйенгем
қайығымды
Қуып айдап дауылың жөнелгенде.
Жұмбағы көп жұмақты тылсым арай,
Көңілімде Сіз соққан тұрсын сарай.
Шығармасаң мені егер айдыныңа,
Екі жүз жыр еңіреп тусын қалай?!
Көңілімнің көгінде күн бұлттанып,
Көз жасымды мен талай жұттым налып.
Сіз дегенде жамырап шыққан жоқ па,
Жүрегімде жатқан жыр тұтқындалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу