Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  379


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАРҚАМАСЫН ЖАЛҒАНДА ӨЗ БАЗАРЫҢ


Жазушы Марал ЫСҚАҚБАЙҒА
Ел ұмтылса жарыққа,
самалаға,
Тығырыққа тіреліп қамала ма?
Марал көзбен үңілген Дүниеге,
Бұған, сірә, не дейсің Марал аға?!
 Азаттықтың атқанда жаңа таңы,
Неге,
неге сөнеді қала шамы?
Жүгін артпай көліксіз қалған елдің
Арпабектің қайда жүр сары атаны?
Суарылған қылыштай кекке айналып,
Кезің бар ма өтпеген өрттей жанып.
Ар-ұяты жоқ жандар
Сорлағандар
Үлестіргенде ар-ұят жетпей қалып.
Анаң сені албырап тумағанда,
Қалар ма еді қасиет нұрлы адамда.
Ар-ұят боп жүгірдің қанға тарап,
Ар-ұятын адамның жырлағанда.
Олпы-солпы жаралған «Қайыркештің»
Сомдап соғып өзің ең қырнаған да.
«Қияндағы қыстаудың» жайы қалай
Сұрқылтайлар билеген сұм заманда?!
Ұмытылып қызуы жел-желіктің,
Бұл заманда қалмады сенделіп кім?
«Пенде ғұмыр» кешіп жүр қай бастық та,
Ауылынан ұзамай пенделіктің.
Дүние сырын ел-жұртқа шын ұқтырмай,
Басшы біткен жүре ме былықтырмай.
Естеріне сал әлі мықтылардың
«Дүние кезек» екенін ұмыттырмай.
Қасіреттің болса да мың арнасы,
«Жойқан төбе» – ерліктің бір ағасы.
«Жо йқан төбе» шерлі өзен шежіренің
Көкке биік көтерген мұнарасы.
 Ар-намыс боп қаншама тебінсек те,
Көкжиектен күн болып көрінсек те,
Ғашық бола білуді сен үйреттің,
«Ғашық болып көрмеген келіншекке».
Жын атанып жан қанша құтырғанда,
Іштен тынып күн кештің тұтылғанда.
Дүрілдетіп той жасап бір қуандың,
Әзірейіл көршіден құтылғада.
Атқан таңдай алаулап көзге ажарың,
Тебірентіп ел-жұрттың қозға жанын.
«Базар тарқар» жазсаң да,
Марал аға,
Тарқамасын жалғанда өз базарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу