Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  97


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰЛТШЫЛ ЕГЕР БОЛМАСАҢ...

Ұрпақ азып, Ар жолын қумағалы,
Бұл өмірде білмеймін кім бағалы.
Өскенде ұлтын сүймейтін жанның бәрі,
Бақыт шығар шынында тумағаны.
 Сол мәңгүрттер жат тілде шүлдірлеген,
Домбыраны қайтеді күмбірлеген.
Ұлтын сүймей жетілген жат баланы
Туған
елдің көзінде күн күлмеген.
Намысы өліп, қол үзген ата ерліктен,
Ұрпағынан қай жұрт та қатер күткен.
Ұлтын неге сүймейді?
Ей, ағайын,
Тумаса егер сол сұмдар қателіктен.
Тұрған соң ба ызғарлы жел өтінде,
Дүниенің ойран көп келбетінде.
Жатқа сіңген өзінің ұрпағынан
Қай жұрт зардап шекпеді жер бетінде.
Айналмаған көк жасыл желегіне,
Сірә, бойлай біле ме тереңіне.
Ұлтшыл егер болмасаң,
Онда ұлттың
Ұлы болып жүрудің керегі не?!
Ұлан-ғайыр далаңа жат толғасын,
Елді қалай, ендеше, бақ қолдасын.
Орман аз ба оталған
Өз ағашы
Өзін шабар балтаға сап болғасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу