Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  110


Автор: Рафаэль Ниязбек

НАЗ

Туған елдің тәуелсіз заманында,
Жүрмін неге қорлықтың қамалында.
Ұлттық рухым тапталып жатқан жоқ па,
Шойын кеуде қоғамның табанында.
Ата қазақ найзалы, жебелі еді,
Көсегесі қай кезде көгереді.
Бір азамат ақырып атқа қонса,
Сұр мергеннің оғынан неге өледі?!
Қай көктемде құлпырып, ел түледі,
Қыздың неге етегін жел түреді?
Аламанға ат қоссам,
Жол үстінде
Арғымығым неліктен мертігеді?!
Бірақ менің жүрегім қуатты әлі,
Туғам
елім жыласа – жұбатқалы.
 Қаскөй қанша кеудеме бомбы жарған
Арманымның ақ тауын құлатқалы.
Көліктерге кептеліп көше күнде,
Жүзіп келем өмірдің өзенінде.
Өзге жұрттың батыры атансам да,
Бағым неге жанбады өз елімде.
Уақыт дерті жанымды сыздатқанда,
Жүрдім қанша сарсылып құз-шатқалда.
Елдің неге сәулесі бір түспеді,
Суық сорып, ішіме мұз қатқанда.
Ірілігі қайда бұл іргелі елдің,
Неге айналдым жеміне бүргелердің.
Бірі болып қалам деп кім ойлаған,
Ел ішінде елеусіз жүрген ердің.
Олай-бұлай тартқылап құмай-жалған,
Теспей сорып қанымды шырайланған.
Мүмкін батыр керек те емес шығар,
Жұртым егер ел болса құлға айналған.
Даласында бөрі ұлып, төре жүрген,
Бұл қазаққа не дейін төбеті үрген:
Ақындарын сыйдырмай тірісінде,
Өлген кезде арулап көме білген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу