Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  86


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛБАСТЫ

Ит үретін заманда туған айға,
Оқ атылмай тұра ма құралайға.
Оразбайдың дәурені өтті деме,
Улы қамшы көтерген ұлы Абайға.
Өрге ұмтылмай сансырап сайда қалған,
Бәлкім, елдің кезі бұл майдаланған.
Бір Оразбай кетсе де,
Бір Оразбай
Қоқсықтардың ішінен пайда болған.
 Жайшылықта арқасын кеңге салған
Жұртты неге ыза-кек кернеп алған.
Оразбайдың қылығын жалғастырып,
Жүрген жоқ па тұқымы елде қалған.
Қатер күтіп тұрса егер бір белеңде,
Бағың қайдан ашылсын дүрбелеңде.
Ақ жағасын жан бар ма кір шалмаған
Оразбайдың тұқымы жүрген елде.
Аласарып тұрғанда айлы аспаны,
Көтергені соны елдің қай сасқаны.
Албастыға айналып кете барған
Бір ақ сайтан ішіне жайғасқалы.
Мына жарқын заманда ер жетілген,
Бұл сұмдықты кім көрген жер бетінен.
Бір кінәрат қанында жоқ болса егер,
Неге айырылды кісілік келбетінен.
Өмірінің көбесі сөгілгенде,
Қазбай солар тұра ма көріңді елде.
Қайдан келген албасты деп тұрамын,
Төбесі оның алыстан көрінгенде.
Тіршілікте тек өзін бұла көрген,
Құзғын бар ма құзынан құлап өлген.
Албастылар жүрмей ме қоқиланып,
Қоқсықтардың ішінен шыға келген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу