Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІРГЕ НАЗ

Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,
Миым – Мұзды мұхиттай...
Не істемекпін?..
МҰҚАҒАЛИ.
Түспейтіндей көрініп биігінен
Дүмді қанша, әрине, жиі күлген.
Қай кісінің бауыры бүтін дейсің,
Жоқшылықтың шекпенін киіп жүрген.
Мұқағали сау келіп ауылынан,
Алматыда ауырған бауырынан.
Алып тұлға кісі еді жығылмаған
Бұрқасынды уақыттың дауылынан.
Зақымданған бауыры алып ұрып,
Жұрты солай көз жазған тау ұлынан.
Мұқағали ақынды жасын көріп,
Таныспады қай кісі асын беріп.
Бауырыма менің де дерт жабысқан
Көлеңкедей жүрген соң қасына еріп.
Көңілімнің жоғалып көктемдері,
Төсек тартып жатырмын көптен бері.
Қуып тыққан секілді тар бөлмеге,
Тағдырымның ызғарлы өктем желі.
Жазылатын түрім жоқ емделсем де,
Қайда жүрсің шипа боп келсең демде.
Дұшпан көздер көбейген бұл заманда,
Тік ұстамай қайтемін еңсемді елде.
 Өзегіне құрт түскен жемістейін,
Неге, ендеше, ұстасып керіспейін.
Сырқатыңды, о, Мұқа, берсе де өмір,
Талантыңды қимады, не істейін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу