Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕ

Сақтап келем сені, әке, жүрегімде,
Буырқанып өр рухың жүр өмірде.
Жүрегіңнің сәулесі неге өшеді,
Нарттай жанып алаулап тұр өңімде.
Тіршілікті той-думан, сайран көрген
Айналайын жүрегін жайған елден.
 Ауыл барсам шығады бәрі алдымнан,
Жауынгердің ұлы деп майданда өлген.
Жүрген мына мезгілде төсін қағып,
Жұрттың қайтем бейдауа сөзін бағып.
Жағып келе жатырмын әлі өшірмей,
Әке, кеткен отыңды өзің жағып.
Бұл күндері ақынмын өрт кеуделі,
Үйде тұрып жатырмын төрт бөлмелі.
Аузымды ашсам ақ жалын атылады,
Дүмділерден теперіш көп көргелі.
Қарамайтын заманда көңілге ешкім,
Самал болып шалғынды өңірге естім.
Қандай қилы күнде де,
Әке, сенің
Кір түсірмей арыңа өмір кештім.
Бірақ кейде ұқсаймын жаралыға,
Өмір – өксік екен ғой саналыға.
Жігіт болған немерең жүр үйленбей,
Әке, ие болатын жарағыңа.
Немерең жүр той тойлап, сайран салып,
Қылығына отырам қайран қалып.
Жетпіс төніп тұрғанда көк желкеден,
Жайпап, орып кім жүрсін жайраң қағып.
Қаусағалы тұрса да сауыт денем,
Бір жұлдызды бетке алып шауып келем.
Әке, кеткен отыңды өзің жағып,
Күн өткізген той тойлап, сауықпенен,
Сол немерең үйленіп, отау құрмай
Өшіріп ала ма деп қауіптенем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу