Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  98


Автор: Рафаэль Ниязбек

АРМЫСЫҢ, АРУ ДҮНИЕ!

Армысың, ару Дүние!
Болашақтың тізгініне кім ие?
Қорғап, жебеп жүретін
Еліме керек бір Кие.
Көп тілінген сауыры,
Қай қазақтың бүтін дейсің бауыры.
Арқасына ер батқан
Арғымақтың жазыла ма жауыры.
Тарқамаған той-думаны, сауығы,
Қалғымайды ешқашан
Ата қазақ қауымы.
 Жатқанда бомбы жұмыртқалап,
Өркениеттің күрке тауығы.
Тілінсе де сауыры,
Бүлінсе де бауыры.
Қайсар бірақ әлі де,
Ата қазақ қауымы.
Ар-ұяттың Отаны
Ақ шатырлы ауылы.
Шаңырағын шайқалтқалы борайды,
Уақыттың бұрқасынды дауылы.
Бет қаратпай тұрғанда
от қарудың жарқылы,
Естілетін зар болып
ала қаздың қаңқылы.
Қазақ өзін жүр қорғап,
Ару Дүние қатерден
сені қорғау арқылы.
Зұлымдықтың жүрегін
жұлып алып тасқа атқан,
Көргенді елдер үмітін
өжет мінез жасқа артқан.
Мына жарық әлемде
Қазақ еді ең алғаш
Ядролық қарудан
бір жолата бас тартқан.
Адалдықтың тұрса есіп самалы,
Бейбіт күннің бұзыла ма қамалы.
Ару Дүние саған да
ешбір қатер төнбейді,
Бүкіл әлем қарусыз
өмір сүрсе саналы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу