Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  88


Автор: Рафаэль Ниязбек

САРДАР ЖҮРЕК

Белгіленіп сызылған шекарасы,
Қай жұрттың да тең қарты, тең ағасы.
Қағылады қара ала бағаналар
Қағынбауы үшін де ел арасы.
Шекарасын белгілеп бекітпеген
Не сұмдыққа тап болған ел күтпеген.
 Шекарасы тас түйін мықты елдерге
Желді күні жау тиіп желікпеген.
Шекарасы жоқ елдер туса да алып,
Күн кешеді мұңына тұмшаланып.
Шекарасын бекіткен қандай жұрт та
Сауыт киген батырдай құрсауланып.
Жүрегінің басына шер байланып,
Күндер қанша жау күткен ер сайланып.
Шекарасы сызылып, көш түзеген
Қазақ нағыз тәуелсіз елге айналып.
Енді қалай табаннан сыз өтеді,
Қателікті әлі де түзетеді.
Шекараны Елбасы сызып берген
Менің сардар жүрегім күзетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу