Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  129


Автор: Рафаэль Ниязбек

ПӘТЕР АЛҒАН АҚЫННЫҢ СЫРЫ

Ақиқаттың ақ туын желбіретіп,
Жырласам да жүректі елжіретіп,-
Жаралғасын өмірдің өксігінен,
Тағдыр мені боздатқан еңіретіп.
Басымды ылғи тіксем де мың қатерге,
Қолым менің жетпеді бір пәтерге.
Туған елге өкпелеп пәтер үшін
Кетер дейсің жалғанда кім жат елге.
Өз тағдырын тапсырған білікті ерге,
Кінә артуға бола ма үмітті елге.
Үкіметтен үй алу бұл күндері,
Арман болған ай маңдай жігіттерге.
Айналсаң да бұлқынып бұлағына,
Шомылам деп ойлама шуағына.
Құлағына Құдайдың жеткен зарым,
Үкіметтің жетпеді құлағына.
Дүрліктіріп көңілдің кептерін де,
Ер жасына зар илеп жеткенімде.
Президент үй берді төрт бөлмелі,
Төредейін күн кеш деп текті еліңде.
Айбатынан сескенген тірі арыстан,
Дарабоз ғой жаралған ұлы ағыстан.
 Үйдің кілтін қолыма ұстатқанда,
Өрт жүрегім жылаған қуаныштан.
Ажыраған жандайын тірегінен,
Үйсіз, күйсіз жүргенде жүдедім мен.
Пәтерге алғаш кіргенде сынап құсап,
Бір мұздай зат түсті ағып жүрегімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу