Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  217


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАТЕРЛІ ӨТКЕЛДЕР

Жұрт көзінен ызалы от төгеді,
Әлі талай зауалды өткереді.
 Шырқ үйірген өтпелі мына кезең –
Жылымы көп қатерлі өткел еді.
Төнген нарық зауалын дүлей көріп,
Жұрттың бәрі үлгерген үрейленіп.
Қайран қазақ тағы да қырыла ма,
Көктей солған өмірдей түлей беріп.
Жел өтінде жұрт еді өмір кешкен,
Қайда самал алдынан көңілді ескен?
Ата қазақ айбынды ел емес пе,
Жұмыр жердің жусанды төрінде өскен.
Тәуелсіздік төріне жайғасқалы –
Ашылмады бұлттардан Айлы аспаны.
Сұм нарықпен алысқан бұл қазақтың
Қазанына қазы емес, қайғы асқаны.
Алшысынан түспесе асығы әлі,
Емес шығар бұл елдің жасығаны.
Жеңілетін болса егер сұм нарықтан
Шырқала ма қазақтың ғашық әні.
Кезең еді, әрине, бұл өтпелі,
Мұз құрсанып әлі де тұр өткелі.
Тіршілікте жеңбеген жауы бар ма,
Алты Алаштың жолбарыс жүректі елі.
Бұл өтпелі кезеңді көктем көрген
Мықты елдің де мықыны көктен келген.
Нар қазақтың Байрағы тұр желбіреп,
Аман өткен қатерлі өткелдерден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу