Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  148


Автор: Рафаэль Ниязбек

БӘЙТЕРЕК

Жетімдіктің бір кезде күйін кешкен,
Қазақ бұрын бақ іздеп жиі көшкен.
Озық ойлы бұл күнде елге айналды
Бәйтерегі көк тіреп биік өскен.
Дүние түгел көшкенде жыр тіліне,
Ашық аспан айналған түңлігіне.
Бұл Бәйтерек аспанның бұлтын емген
Жұмыр жердің шаншылған кіндігі ме?!
Жүріп өткен ізінен от өрілген,
Елім менің қашанда төте жүрген.
Нән Бәйтерек – қазақтың рухы шығар
Жұмыр жердің төсінен көтерілген.
 Сәуле ойнатып жүзімнен өпкен арай,
Шұғыласын көгімнен төккен талай.
Алып қолы секілді Астананың
Нән Бәйтерек созылған көкке қарай.
Құтырынған құйыны құрықталған,
Қилы өмірде көп нәрсе сұрыпталған.
Бұл Бәйтерек, кім білсін, алып шығар
Тік көтеріп жершарын тұрып қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу