Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  81


Автор: Рафаэль Ниязбек

Көрдей суық түрмеде

Асаусып мейлі бас білме,
Еркесі боп та халықтың.
Жатқызады тас түрме
Ішіне қара табыттың.
Көрдей суық түрмеде:
Таң атса да – таңым атпады,
Күн батса да – күнім батпады.
Құлан едім жығылған
Басымнан доңыз аттады.
Ордалы жылан секілді
Жын ойнағы қаптады,
Намысымды таптады.
Қорлығына шыдамай
Ат десем де – атпады.
Көздері түгел қанталап,
Жендеттерге жеткен анталап
Допқа айналса өз басым.
Шөлдегенде қаталап
Сусын болды көз жасым.
Теспей сорып қанымды,
Шырқыратты жанымды.
Ақтағаны осы ма,
Дәм-тұзымды, нанымды.
Орысқа бодан болғаның –
Түскенің барып торына,
Жығылғаның орына.
 Көрмедім елдің оңғанын,
Жетілгенін, толғанын.
Сабағынан үзілген
Көрдім гүлдей солғанын.
Орыс деген –
тұнып көрмеген ағысы,
тағылардың тағысы.
Орыс деген –
жыртқыштардың жыртқышы
Дүниенің өзін де
жүрген жалмап жұтқысы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу